Топырақ құнарлылығын бақылаудың бастапқы және нақты көрсеткіштерінің болмауы бірқатар проблемалар тудыруда - Жер ресурстарын бақылау агенттігі

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға берілген жерлердегі топырақтың құнарлылығы уақыт өткен сайын азайып барады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жердің құнарлылығының төмендеуіне байланысты оны мәжбүрлі түрде иесінен алу мәселесі үлкен проблема туындатып отыр. Бұл реттегі басты мәселе топырақ құнарлылығын бақылаудың бастапқы және нақты көрсеткіштерінің болмауына байланысты туындауда. «Аталмыш жағдайға байланысты Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Үкіметке бірқатар міндеттер жүктелген болатын. Осыған байланысты қазір республикамыздың егістік алқаптарында топырақ құнарлылығына мониторингтік бақылау жүргізу шарасы белгіленді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына берілген жерлерді тиімді пайдалану туралы да арнайы тәртіп бекітіледі», деді Агенттік төрағасы.

 Оның айтуынша, топырақ құнарлылығының төмендеуіне әсер етіп отырған табиғи фактордан бөлек мәселелер де бар. Олардың қатарында минералдық және органикалық тыңайтқыштардың қолданылмауы, агротехникалық талаптардың сақталмауы және ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйелерінің болмауы сияқты мәселелерді атауға болады. «Баршаға мәлім, 1992-1997 жылдар аралығындағы жер реформасын жүргізу барысында 1,5  мың кеңшар мен 500-ге жуық ұжымшардың жерлері ауыл шаруашылығы саласындағы 2,3 миллион еңбеккерлер мен зейнеткерлерге және әлеуметтік сала қызметкерлеріне таратылды. Бұл кезінде ақылға қонымды шара болғанымен, қазір жерді тиімді пайдалануда үлкен проблемалар тудырып отыр. Қосымша мәлімет ретінде айта кетейік, қазіргі таңда ауыл шаруашылығындағы жерлердің 98 пайызы шаруа қожалығы мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың иелігінде», - деді Ө.Өзбеков.