Тіпті бірін-бірі алмастырып жатқан жаңалықтар, ғылым мен техниканың, технология мен инновацияның шапшаңдығы адамды таңғалдырмай қоймайды. Осының өзі - көмірсутек экономикасы дәуірінің бірте-бірте аяқталып келе жатқанын анық байқатады. Айтқандай, көмірсутек экономикасы - үшінші индустриялық революция саналатын еді. Ендеше адамзат Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келеді. Биылғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауының өзегі де осы - Төртінші индустриялық революцияға қамданудың қамынан туындайды.
Әлемдік өркениет тағдыры да, дамуы да ең алдымен адами дамуға тәуелді. Адамзаттың даму тарихына қарасаңыз бәрі де ойлаудың, жасаудың нәтижесімен дамыған. Ойлау мен жасау, енгізу арқылы жаңа технологияларды ілгерілету - бүгінгі бәсекелестіктің де өзегі. Адамның мұқтаждығынан шығаратын, алысты жақындатып, баяуды тездететін, ауырды жеңілдететін де - адам ақыл-ойының жемісі. Осындай ой жемісінің нәтижесінде дүние дамуында өнеркәсіптік революциялар бірінің орнын бірі басты.
Мәселен, ХІХ ғасырда пайда болған көмір мен будың қозғалтқыш күші - бірінші өнеркәсіптік революцияның тірегіне айналды. Алғаш отарбалар пайда болды. Көмір мен бу арқылы қозғалысты үдеткен машина адамның жазу-сызуынан бастап, үлкен экономика салаларын алға сүйреді. Жұртшылықтың сұранысына орай қызмет көрсету, тауарлар шығару белең алды. Сауда саттықтар, алыс-беріс, барыс-келіс жанданды. Келе келе бу қозғалтқыштарының орнын электрлендіру, энергетиканы үдету басты. Бұл - ХХ ғасырда орнаған екінші өнеркәсіптік революцияның енуімен парапар. Энергетиканың алшаңдауы түрлі жаңалықтарды тудырды. Біртіндеп байланыс дамып, радио, телефон, теледидар дүниеге келді. Іштен жану қозғалтқышына сүйенген бұл кезеңде жедел дамыған елдерде будақ-будақ түтіні бар алып зауыттар, фабрикалар қаптады. Зауыттармен қоса өндіріс үдемелі сипат алып, мұнай мен газ өндіру барынша етек алды. Мұнай өнімдерін пайдаланатын автокөлік құралдары, басқа да тұрмыстық техникалар дүниеге кеңінен тарап, бүкіл адамзатқа қолжетімді болды. Техника, технологиялар дамуы арқасында байланыс пен ақпарат саласы алға шығып, цифрлық байланыс құралдары өмірге келді. Осылайша, үшінші индустриялық революция алға басты. 1990 жылдары ел-елді компьютерлер жаулай бастады. Алғашқы робот-техникалар дүниеге келді. Оның соңынан автоматтандыру, кибер-физикалық жүйе әлемнің ауанын мүлдем басқаша өрбітті. Сарапшылар үшінші индустриялық революцияның шарықтау шегін компьютерлендірумен қатарласқан Интернетпен байланыстырады. Расында Интернет дүниені өзгертті. Түйдек-түйдек ақпараттар ағыны елдерді шыр айналдырды. Интернеттің бармайтын жері, баспайтын тауы қалмай бара жатыр. Тіпті адамзат қажеттілігіне берілетін энергияны да Интернет арқылы алатын дәрежеге жетті.
Бұндай қарқын Төртінші өнеркәсіптік революцияны тудырып отыр. Бұны Елбасы өзінің Жолдауында: «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер - әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік», - деген болатын. Ал мұндай мүмкіндіктің тетігі «Жаңғыру.3.0» бағытымен байланысты. Бұл үшін Елбасы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды тапсырды.
Әлемдік «Индустрия.4.0»
Автоматтандыру, кибер-физикалық даму арқасында біршама озық елдер «Төртінші индустриялық революцияны» бастап отыр. «Индустрия 4.0» деп аталатын революцияның төркіні Германияға тиесілі деушілер де бар. «Индустрия 4.0» - жаңа заманғы нұсқаны ғана емес, индустрияның жаңа ғасырын да білдіреді. Нақтылай айтсақ, «Индустрия 4.0» атауы бизнесмендер, саясаткерлер мен ғалымдар басқарған 2011 жылғы бастамадан алған екен. Олар бұны Германияның өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін кибер-физикалық жүйелерді (Cyber-Physical System) зауыт процестеріне қарқынды шоғырландыру арқылы арттыру құралы ретінде анықтаған. Көптеген елдердің үкіметтері кибер-физикалық жүйелерді ұлттық мүддені қорғау үшін аса маңызды деп санап, инновацияның басым тізіміне енгізді.
Сонымен, қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдерінде «Индустрия 4.0.» тұжырымдамасын енгізудің орташа және ұзақмерзімді бастамалары қабылданған. Бұлар жоғарыда айтылған Германияда - «Industrie 4.0», Францияда - «Industrie du Futur», Оңтүстік Кореяда - «Manufacturing innovation 3.0», Үндістанда - «Make in India», Испанияда - «Industria Conectada 4.0», Жапонияда - «The New Robot Strategy», Италияда - «Manifattura Italia», Ресейде - «Ұлттық технологиялық бастама». Қытайда - «China Manufacturing 2025» және тағысын тағылар.
Бұған ұқсас Еуразиялық Одақта «Factory of the future», АҚШ-та «Advanced manufacturing partnership», Германияда «Mittelstand 4.0» бағдарламалары да қолданылады. Осылардың аясында өңдеу өнеркәсібі мен басқа да экономиканың салаларында технологияның жаңа даму перспективалары қолдау тауып, таныла бастады.
Қазақстанда «Индустрия 4.0» қалай жүзеге аспақ?
Жолдауда көрсетілгендей, өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін, Үкімет «Төртінші өнеркәсіптік революция» элементтерін жаппай енгізуге назар аударатын болады. Бұл үшін не істеу керек?
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, осы бағытта Қазақстан әлемдік жетекші компаниялармен серіктесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр. «Бұл ретте 2017 жылы жаңа экономиканың элементтерін кешенді қолдануға әзір өңдеу секторы анықталатын болады. Аталған секторларда «Индустрия 4.0» технологиясын енгізу жөніндегі пилоттық жобалар жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе басқа да кәсіпорындар мен өнеркәсіп секторларында қолданылатын болады», - дейді министр.
Жалпы Жеңіс Қасымбек «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы ғана емес екенін алға тартады. Оның пайымынша, бұл - Қазақстанға теңізге тікелей шығар жолының жоқтығы, ішкі нарықтың тарлығы, білікті мамандардың тапшылығы сияқты факторларды жоюға да мүмкіндік береді. Осыған байланысты Қазақстанда жаңа индустрия құрудың басты бағыттарының бірі электромобильдер өндірісі мен қажетті инфрақұрылымдарды дамыту болып анықталған екен. Ол үшін тиісті жол картасы әзірленіп, оны іске асыру көзделген. Бұдан бөлек, министр Жеңіс Қасымбек «Индустрия 4.0» бойынша өнеркәсіп салаларын трансформациялау үшін алдыңғы қатарлы ақпараттық коммуникациялық технологияны кеңінен қолдануға қажеттігін де алға тартады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы мен еліміздегі халықаралық тәжірибесіне сәйкес, «Индустрия 4.0» негізінде біртіндеп өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың кешенді шарасы мен тиісті тұжырымдама әзірленетін болады. Жалпы, «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу Қазақстан өнеркәсібіне қолданыстағы жүйені жеңілдетуге көмектеседі. Жаңа технологиялар электронды форматта деректермен алмасуды ұйымдастыруға және жергілікті жерде аз мөлшермен шығаруға мүмкіндік береді. Мысалы, автомобиль өнеркәсібінің қажет бөлшектері. Өндірісті автоматтандыру адам еңбегін алмастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, роботталған дәнекерлеу кешенінің бір операторы, бізде тапшылығы ұдайы сезілетін 5-10 білікті дәнекерлеушіні алмастыра алады. Бұл тұрғыда оларды оқытуға жұмсалатын шығын азаяды, сонымен қатар, салаға жастарды тартуда кәсіптің беделі артады», - дейді министр.
Жеңіс Қасымбектің келтірген дерегіне сүйенсек, «BCG» сарапшыларының пікірі бойынша, «Индустрии 4.0» енгізу Германияда өңдеу өнеркәсібінде өнімділікті 90 млрд. еуродан 150 млрд. еуроға дейін арттыруға септігін тигізген. Ал, неміс компанияларының қосымша табысы жылына 30 млрд. еуроны құрайды. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылардың пікірінше, «Индустрия 4.0.» технологиясына көшуге 20 жылға жуық уақыт қажет делінеді. Дегенмен, бұл үшін қазірдің өзінде сандық негізге көшу үшін тиісті алғышарттарды жасау керек.
Айта кетерлігі, Қазақстанның өңдеу секторын диагностикалық бөлімінде Германия «Fraunhofer» институтымен «Индустрии 4.0» элементтерін енгізу дайындығы деңгейінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілген екен. Сонымен қатар, аталмыш институтпен өңдеу өнеркәсібіне сол элементтерді жылдам енгізудің жүйелік ұсынымын әзірлеуге де уағдаластық жасалған.
«Fraunhofer» - 67 институтты біріктіретін, өнеркәсіпті зерттейтін ірі еуропалық институт. Оның құрамында өнеркәсіпті автоматтандыру институты, жаңа материалдарды зерттеу институты, интеллектуалдандырылған жүйе институты бар. Оларда 24 мың қызметкер еңбек етеді. Ол - Германиядағы «Индустрия 4.0» технологиясын дамыту жөніндегі негізгі үйлестірушілердің бірі.
Тағы бір топ сарапшылар Төртінші өнеркәсіптік революцияның бұрынғы ғылыми-техникалық дамудан бір ерекшелігі ретінде ғылым мен экономиканың әлеуметтік міндеттерінің артуын алға тартады. Яғни, бұл өнеркәсіп саласының қоршаған ортаға зиянын азайта түсуді, экономиканы монополиядан ажыратуды, мемлекеттің халық алдындағы кей жауапкершіліктерін ірі трансұлттық корпорациялардың мойнына жүктеуді де көздейді.
Түйіндей айтсақ, «Жаңғыру 3.0» бағытын бетке алған Қазақстан үшін шын мәнінде Төртінші өнеркәсіптік революция қағидаттарының маңызы ерекше. Бұл ретте танымал сарапшы Мұрат Әбеновтің мына пікірін білдіре кеткенді жөн санадық: «Төртінші өнеркәсіптік революция жаңғырудан өтпеген елдер үшін тәуекелдер тудырады. Сондықтан Қазақстанның «Үшінші жаңғыруы» - еліміздің әлемдегі Төртінші индустрияландырудан қалып қоймау мүмкіндігі. Сондықтан да бізге ахуалды еңсере алатын, сандық технологияларды меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасауға қауқарлы мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әділ бизнестің тығыз интеграциясы қажет».