ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Переметный ауылында Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Батырбек Орынбекұлын «Алабай» тұқымды өз иті талап тастады.
Батырбектің апасы Айымгүл Ақдәулетованың сөзіне қарағанда, бес жыл бойы асырауда болған «Ақмойнақ» үнемі тор қоршауда тұрған. Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын әкесі кетерінде итті шынжырлап байлайды. Бірақ сол күні шынжырды үзіп, аула ішінде еркін жүрген ит мектептен келіп, сыртқы есіктен кірген Батырбекке бірден бас салған. Баланың жанайқайын естіген көршісі мылтық әкеліп, итті атып тастаған.
Ерні жыртылып, қолы таланып, арқасын ит тырнаған Батырбекке алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Орал қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, ота жасалған. Қазір баланың жағдайы қалыпты, емделу үстінде.
Баланы талаған иттің тісі қағып алынып, сараптамаға жолданған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).