С.Ахметовтың пайымдауынша, министрлікке өрт пен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында барлық шараларды қолға алу керек. «Бұл, әсіресе үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жаңадан пайдалануға берілген құрылыс нысандары мен салынып жатқан құрылыс нысандарында ерекше назарда болғаны жөн. Бұл жерде анықталған кемшіліктерді жоюды принципті түрде талап ету керек»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдардан аймақтарды дамыту бағдарламасына және олардың стратегиялық жоспарларына мезгілдік су тасқындары мен сел, сең жүру сияқты оқиғаларға қарсы шараларды қолдануды енгізуін талап ету керек. «Бұл міндет, әрине өрт пен өзге
де төтенше жағдайларға қатысты қолданылуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік қор мен резервтердің мол көлемде болуын қамтамасыз етуге күш салу қажет. Бұл мәселелерді шешу жолдарын біз әлі талқылаймыз. Бұл жерде кешенді мәселелер де, проблемалар да бар»,-деді С.Ахметов.
Сонымен қатар ол Төтенше жағдайлар министрлігіне білім беру жұмыстарын да назарда ұстаған жөн екендігін ескертті. «Біз азаматтық қорғаныс саласы үшін мықты кадрлар резервін жасап алуымыз керек. Жалпы алғанда төтенше жағдайлар саласы бойынша қомақты жұмыстар атарылып келеді. Бұл бағытта бүгін де көп мәселелер қозғалды. Олардың арасында министрліктің деңгейінде шешілмей жатқандары болса, оларды Үкімет деңгейінде көтеру керек»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.