«Тозақты» көрген адамның мінәжаты»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат/ -  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 8-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Франция Президенті Николя Саркозидің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына Елбасы «тарихи оқиға» деген баға берді. Шынында, бұл - көрші Қытай мен Ресей басшыларын есептемегенде, әлемдік саясат алпауытының, «Үлкен сегіздікке» кіретін дүниежүзінің дамыған мемлекетінің, сондай-ақ Батыстың кеуделі елінің көшбасшысының қазақ жеріне алғаш рет аяқ басуы еді», деп жазады «Айқын» басылымы. Газеттің бейсенбілік санында «Францияға сеніңіздер!» деген тақырыппен жарық көрген мақаладан Н.Саркозидің еліміздегі мемлекеттік сапары жайында егжей-тегжейлі мағлұмат аласыздар. 

 

Француз басшысының елімізге жасаған мемлекеттік сапары жайында «Астана ақшамы» газеті де мақала жариялаған. Онда Н.Саркозидің «Мен 10 жыл ішінде Астана секілді айтулы қала тұрғызған қазақ халқы мен оның көшбасшысының қажыр-қайратына ерекше қайран қалдым. Тіпті мына жерді бұрын «жазық дала болды» дегенге сенбеймін», деген сөзі келтірілген.

 

Сондай-ақ, «Экономика» басылымының бүгінгі санынан да осы шетелдік көшбасшының Қазақстанға сапарына арналған мақаланы оқи аласыздар.   

 

 «Ирак қазаққа қатысты мәселе көтерді». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада таяуда ғана депутаттар сапына қосылған Ирак Елекеев Үкімет басшысына ресми сауал жолдап, аштық-зұлмат жылдарында қазақтың бастан кешкен зобалаңын нақты зерттеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру бастамасын көтергендігі жазылған.

Халық қалаулысының депутаттық сауалында «Егер ресми деректерден алынған цифрларға арқа сүйесем, Қазақстандағы қазақтар саны 1926 жылғы санақ бойынша 3 миллион 969 мыңды құраған, 1930 жылы 4 миллион 317 мыңға жеткен. Ал 1937 жылғы санақ қорытындысы - 2 миллион 836 мың. Айырмасында 1 миллион 454 мың адам жоқ», делінген.

 

Осы басылымда «Арзан астықтан мол пайда табатын жол бар» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді.  «Айқын» тілшісінің жарияланымға өзек болған астық сатылымына жасаған зерттеуін, өзіндік көзқарасын басылымның 4-ші бетінен толық оқи аласыздар. Газет тілшісінің пайымдауынша, астықтан биоэтанол, сыра не арақ қайнатушы мен фермерлер сапалы астықты бірігіп сатып алулары керек дегенге саяды. 

***

Таяуда Қазақстан халқы тілдерінің 11-ші фестивалі аясында «Жыраулық дәстүр жауһарлары» айдарымен әйгілі Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Эпостық дәуір энциклопедиясы» атты мақала жарық көрді. Мақала барысында осы алқалы жиынға қатысқан жазушылардың, ғалымдардың  жырау туралы айтқан сөздері берілген.

 

Сондай-ақ осы басылымның бейсенбілік санында елорда тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарға қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен жауап алған. 

***

Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан «Жастардың кадрлық резерві» жобасына қатысушылармен кездесіп, ел мүддесі, ұлт болашағы жайлы жастарды мазалаған сұрақтарға жауап берген болатын. Халық қалаулысының жастармен арадағы сұхбаты «Нұр Астана» газетінің бейсенбілік нөмірінде жарық  көрді. «Ұрпақ сабақтастығының тегеурінді тұлғасы - жастар!» деген тақырыппен берілген әңгіме барысында Б.Тілеухан «Мәдениет дейтін үлкен қару. Мәдениет қару болмаса, керемет өнері бар шетел неге Майра Мұхамедқызын шақыртады? Кеңестік кеңістікте қаншама әнші болды, бірақ неге Әлібек Дінішевке келгенде, Петербургтың зиялылары оның әуезіне естерінен тана құлап, кешегі Лемешевтерді есіне алады. Өйткені бізде мәдениеттің қалыптасқан үлкен дәстүрі бар», депті.

***

«Мәжілісте Үкімет тарапына бұрқыратып жолданған сауалдардың бірінде депутат Бекболат Тілеухан өзінің атына Астана прокуратурасында жұмыс істеген Жұбатқанов деген азамат мемлекеттік тілге жетік болғанымен, орыс тіліне шорқақтығының  кесірінен жұмыстан кеткендігін айтып, зар илеп хат жазғанын мәлімдеп, депутаттық сауал жолдады. Депутат өзінің Парламентке келгелі «Тилеухан» делініп, арасына кірме «и» әрпі қыстырылып, қор болып жүрген тегін мысалға келтірді. Алайда оның әріптестері өз сөзін орысша шұбыртып жатты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланы толығымен басылымның бейсенбілік санынан «Мемлекеттік тілді білгені үшін мемлекеттік қызметтен қуылды» деген тақырыпта оқи аласыздар.

 

Осы басылымның «Дат!» айдарында  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті медиа-орталығының директоры, ақын Ақылбек Шаяхмет сұхбат берген. Екеуара әңгіме барысында А.Шаяхмет келер жылы 175 жылдығы аталып өтуі тиіс қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан  Уәлихановтың кіндік қаны тамған жері Күнтимес ауылы екенін ғылыми дәлелдеп, алайда сол ауыл бүгінде елсіз қалуы мүмкін екенін ашына айтқан. Медиа-орталық директорының «Облыс әкіміне хат жазылғанымен әзірге қозғалыс жоқ. Ол ол ма, Қостанайдың атақты «Тобыл» футбол командасының ресми атауын «Тобол» деп өзгерткені жығылған үстіне жұдырық болып отыр», деген сөзі келтірілген.

«Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Тозақты» көрген адамның мінәжаты» деген мақалада ХХ ғасырдың басында туылып, аштық, соғыс, репрессияның барлығын бірінен кейін бірін көріп, 50-жылдары тұтқынға алынып, 10 жыл бас бостандығынан, одан тағы бес жыл азаматтық құқығынан айырылған, қазірде 90 жасқа келіп қалған Федор Яковлевич Осадчийдің «Рабы безумной власти» деп аталатын кітабында коммунистердің жан түршігерлік жауыздықтары туралы жазылғаны айтылады. «Құдайға сенгені үшін әкесін, туған ағаларын бір ауыз сөзге келтірместен атып тастаған, сосын өзі де оқ пен оттың ортасында болып келгеніне қарамай итжеккенге айдалған, қазақтың қасіретін бастан кешкен қария тірі тарих, алайда қатары сиреп бара жатқан аға ұрпақты қадірлей алмай жатқанымыз өкінішті», деп жазады басылым. 

***

«Үкімет экономиканың әлеуметтік бағытталған салаларын, атап айтқанда құрылыс индустриясын дамыту бағытында бірқатар нақты шаралар қабылдап, іс жүзіне асыра бастады. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында негізгі назар жалға берілетін тұрғын секторын өркендетуге аударылған. Қозғалмайтын мүлік жөніндегі агенттіктердің деректеріне қарағанда, ел халқының 60 пайыздан астамы тұрғын үй алаңын ұзақ мерзімге лайықты бағамен жалға алуға әзір», деп жазады «Экономика» газеті. Осы жайтқа орай жазылған «Баспана мұңы тарқай ма?» атты мақаланы басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.