«2016 жылы сыртқы факторларға байланысты негізгі экспорттық тауарлардың бағасының төмендеуіне қарамастан, экономиканың көлемі 1 пайызға өсті. Ол бюджет кірістерінің ұлғаюына және олардың жоспарға қарағанда артығымен орындалуына бірден-бір себеп болды. Нәтижесінде кірістер 109,1 пайызға артығымен орындалды, бюджетке 7,7 трлн теңге түсті. Бұл 370 млрд теңгені Ұлттық қордан тартпай сақтап қалуға мүмкіндік берді. Шығыстар 2015 жылға қарағанда 1 трлн 338 млрд теңгеге өсуімен игеріліп, 98,3 пайызға атқарылды. Бұл айтарлықтай жоғары деңгей. Әлеуметтік сала әрқашанда басым болып табылады. Олардың Жалпы ішкі өнімдегі үлесі былтырғы жылы 7,2 пайызға жетіп жалпы шығыстардың жартысын құрады»,-деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол бюджет тапшылығының көлемі Жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,7 пайызды құрағандығын, яғни жоспардан 18 пайызға төмен болғанын жеткізді. Кірістерді асыра орындау және шығыстар бойынша үнемдеу есебінен 158 млрд теңге қазынашылық шотта кассалық қалдықтар қалыптасты.
Бұдан бөлек, Б. Сұлтанов есепті қарау кезінде қозғалған мәселелерді шешу жолдарына тоқталды. «Бюджет кірістерінің Ұлттық қордан алынатын трансферттерге тәуелділігі туралы біраз мәселелер көтерілді. Расында, осы трансферттердің көлемі ұлғайды. Олар дағдарыс кезінде экономиканы қолдауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта шығыстарды қаржыландырудағы кепілдендірілген трансферттің үлесі біртіндеп 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін азаятын болады. Ал, Ұлттық қордың активтеріне келетін болсақ, оларды диверсификациялу арқылы қордың табысын арттыру көзделіп отыр. Бұдан басқа, республикалық меншікті жекешелендіруден және холдингтердің активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражаттың барлығы Ұлттық қорға жіберілетін болады.
Салықтық әкімшілендіруді жақсарту барысында екі маңызды мәселені шешуіміз керек. Ол бір жағынан бизнеске қолайлы жағдай туғызу, екінші жағынан мемлекеттік бюджет кірістерін ұлғайту»,-деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмысында электронды шот-фактура қолданатын бизнес өкілдеріне қосылған құн салығын 30 жұмыс күні ішінде қайтару, қарсы тексерулердің саны мен камералдық тексерудің процедураларын қысқарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар экономикада саласында қылмыстық бұзушылықтарды болдырмау және ізгілендіру аясында Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер дайындалды.