Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржы саласының қызметкерлері мен қазақстандықтарды айтулы дата – ұлттық валютаның 30 жылдығымен құттықтады.
«Қалыптасқан дәстүр бойынша конгресті Ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орайластырып өткізіп отырмыз. 30 жыл бұрын 1993 жылғы 15 қарашада өзіміздің ақша бірлігіміз – Теңге айналысқа енді. Содан бері осы мерекені атап өтудеміз. Сіздерге толағай табыс, жемісті еңбек пен жаңа жетістіктер тілеймін. Теңгеміз берік болсын», - деді ол.
Оның айтуынша, зайырлы мемлекет қалыптасу кезеңінде теңгенің енгізілуі толыққанды қаржы жүйесін қалыптастыруға және еліміздің мемлекеттілігінің іргетасын нығайтуға мүмкіндік берді. Ол ақша-несие саясаты тәуелсіздігінің негізін қалады.
«Соңғы бес жылда қолма-қол ақшасыз төлемдерді ілгерілету және қаржылық қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз етуде жетістіктерге қол жеткізілді. Біз ұлттық валютаның цифрлық кеңістіктегі дәуірдің куәсі болдық. Цифрлық теңге қаржы жүйесінің жаһандық трансформациясына әсер етеді», - деді Тимур Сүлейменов.
Жиында цифрлық теңгедегі карта бойынша алғашқы сатып алуды Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленов іске асырды. Цифрлық теңге шотындағы қаражат лезде дәстүрлі теңгеге айырбасталды және әлемнің кез келген нүктесінде картамен төлеу үшін қолжетімді болды.
«Цифрлық теңге - қолма-қол және қолма-қол емес ақшадан басқа ұлттық валютаның үшінші нысаны. Ол инновациялық қаржы қызметтерін құру үшін блокчейн технологиясының әлеуетін ашады, мемлекеттік шығыстардың атаулылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер әлемі арасында «көпір» салады. Цифрлық теңгемен интернетке қосылмай-ақ офлайн режимінде төлем жасауға мүмкіндік бар. Цифрлық теңгені де бағдарламалауға болады. Негізінде бұл ақылды келісімшарттар мен инновациялық қаржылық қызметтерде пайдалануға болатын «ақылды» ақша», - деді Бинұр Жаленов.
Жоба жетекшісі Айнұр Кенжаеваның сөзінше, цифрлық теңгені алғашқы болып алматылық оқушылар қолданады.
«Бүгін алғаш рет цифрлық теңгенің төлемі жүргізілді. Яғни, ол шынайы транзакция жүзеге асты. Бұған дейін, жасаған зерттеу жұмыстары, сынақтар мен эксперименттер инфрақұрылымды технологияны дайындауға алып келді. Бүгін соның куәгері болдық. Енді тұтынушылар саны кезең- кезеңмен өсіп отырады. Биыл Алматы қаласындағы екі мектеп оқушылары цифрлы теңгені алғашқылардың бірі болып қолданады. Яғни, «Оңай» көлік картасымен мектептегі тамақтануға арналған пилоттық жоба басталады. Оқушы сол карта арқылы асханадан тамақ сатып алады. Ондағы ақша бірден мектеп әмианына түседі. Жоспарға сәйкес, 2026 жылдан бастап толық қолжетімді болмақ»,- деп түсіндірді Цифрлық теңге жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.
Экономист Мақсат Халық цифрлық теңгенің артықшылығы туралы пікір білдірді.
«Цифрлық теңге уақытында енгізіліп жатыр. Өйткені, көрші алпауыт мемлекеттерде енгізілуде. Атап айтар болсам, Қытай мен Ресейде. Сондықтан да, бұл жоба дәл уақытында қолға алынды деп ойлаймын. Пайдалы тұстарына келер болсақ, ең алдымен көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етеді. Себебі, бізде көлеңкелі экономика қолма-қол ақшамен жүріп жатыр. Ақша айналымы цифрланған сайын, экономикада қаржының мөлдірлігі, тазалығы сақталады. Мемлекеттік сатып алулар, цифрлық теңге арқылы жүзеге асатын болса, ашықтықты қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ мемлекетте арнайы төлем цифрлық теңге арқылы жасалады. Оның тиімді тұсы ақшаның талан-таражға кетпеуіне ықпал етпек. Киберқауіпсіздікке де әсер етеді», - дейді Мақсат Халық.
Сондай-ақ конгресс аясында ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясы таныстырылды.
Қазақстан Ұлттық банкінің банкноталар мен монеталар дизайны басқармасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, жаңа банкноталар «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
«Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады», - деді ол.
Қаржыгерлер конгресінің панельдік сессияларында шетелдік орталық банктер мен қаржы институттарының басшылары, қазақстандық мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері макроэкономикалық саясат пен қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылады.