Туған Мырза-Барановский немесе тарих пен экономиканың беттесуі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлытау өңіріне келіп, «Хабар» арнасына берген сұхбатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі» деген болатын. Айтқандай-ақ, жарты әлемді билеген Алтын Орда ыдырағанда, біртұтас қазақ жұрты жазға салым әр жерде ойдым-ойдым болып тартылып қалатын көлшіктер сияқты бөлшектеніп кеткен еді.

Солардың бірі, ғылымда поляк-литва татарлары деп аталатын қандас бауырларымыз. Аты басқа болғанымен, арғын, жалайыр, үйсін, қоңырат, найман және басқа рулардан тұратын заты да, қазіргі таңда ұмытылғанымен, жазба ескерткіштерінде сақталған тілі де, шежіре-таңбалары да бүгінгі қазаққа тым жақын. Нобель сыйлығының иегері, жаһанға мәшһүр «Отпен және қылышпен» трилогиясының авторы, жазушы Генрик Сенкевич, америкалық атақты актер Чарльз Бронсон және күндей күркіреп өткен жиырмасыншы ғасырдағы экономикалық ғылым тарландарының бірі Михаил Иванович Туған Мырза-Барановский Алтын ордалық түркілер ұрпағынан.

Болашақ экономист 1865 жылы 8 қаңтарда Украинада өмірге келеді. Харьковтағы Екінші гимназияны тәмамдағаннан кейін Михаил Туған Мырза-Барановский 1883 жылы Санкт-Петербург университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1886 жылы Добролюбов демонстрациясына қатысқаны үшін қаладан қуылады. Туған өлкесіне оралған Михаил 1889 жылы Харьков университетін физика-математика және заң мамандықтары бойынша бітіріп шығады. 1894 жылы «Қазіргі Англиядағы өнеркәсіптік дағдарыстар, олардың себеп-салдарлары және халық тұрмысына әсері» атты монграфиясы жарық көреді. Бұл еңбегін ғалым 1892 жылғы көктем және жаз айларында Лондонда жарты жыл болғанда Британ мұражайындағы түпнұсқаларға сүйене отырып жазып шығады. 1894 жылы саяси экономия магистрі ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғағаннан кейін ол Қаржы министрлігіндегі лауазымды қызметін тастап, 1897 жылдан өз өмірін толығынан ғылыми зерттеулер мен ұстаздыққа арнайды. Негізінен Санкт-Петербург университетінде және Жоғары әйелдер курстары мен Коммерциялық есеп-қисап әйелдер училищесінде дәріс оқыған ғалым 1898 жылы «Бұрынғы және қазіргі кездегі орыс фабрикасы» атты монографиясын жарыққа шығарады, соның негізінде докторлық дисертация қорғап, саяси экономия докторы дәрежесін иеленеді. Оның оппоненті Мәскеу уинверситетінің профессоры, белгілі ғалым А.И.Чупров болады. Кооперативтік қозғалысқа белсене араласып, насихаттайды, 1909 жылдан «Кооперация жаршысы» журналының редакторы болады. Бұл тақырып төңірегінде ғалым 1903 жылы «Бөлісу теориясының әлеуметтік рөлі» және 1906 жылы «Кооперацияның әлеуметтік рөлі» сияқты қоғамдық пікірге қозғау салған салмақты мақалаларын жариялайды. М.Туған Мырза-Барановскийдің Ресей тарихындағы орны бүгінгі орта буын ұрпаққа оның большевиктер көсемі В.И.Ленинмен айтыс-тартыстарынан жақсы мәлім. Алғашқы орыс революциясы кезеңінде экономист-ғалымның «Саяси экономия мен социализмнің жаңа тарихының очерктері», «Өзінің тарихи дамуындағы қазіргі социализм», «Марксизмнің теориялық негіздері», «Саяси экономия негіздері» атты ғылыми еңбектері саясаткерлер назарына ілінеді. Туған Мырза-Барановский кадет партиясы атынан Мемлекеттік думаға ұсынылғанымен, сайлаудан өте алмаған. Қазан төңкерісінен соң ол украин ұлттық қозғалысына белсене атсалысып, 1917-1918 жылдары Украин халық республикасының Қаржы министрі (хатшысы) болады, Украин ғылым академиясын құруға қатысады. Ғалым-экономист, саясаткер 1919 жылы 21 қаңтарда украин делегациясының құрамында Версаль бейбіт конференциясына келе жатып, жолда, Одессада вагон ішінде өмірден өтеді. Ресейлік саясат серкелері ұстанған ұлыдержавалық шови­нистік бағытқа батыл қарсы шыққан Туған Мырза-Бара­новский­дің «мен орыс емеспін! Мен жартылай украинмын, жартылай татармын!» деген ащы ақиқатқа толы сөзі шәкірттері арқылы бізге жетіп отыр.