Түлектерге кеңес: болашақта қандай мамандарға сұраныс артады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы онжылдықта еңбек нарығы өзгеріске ұшырап, технологиямен байланысты мамандықтардың маңызы бұрынғыдан арта түседі. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту, финтех инженериясы, киберқауіпсіздік пен жаңартылатын энергия салаларындағы мамандар сұранысқа ие бағыттардың қатарына кірмек. Бұл үрдіс Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында талқыланды.

Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жаһандық өзгеріс: қандай мамандарға сұраныс артады?

Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға дейін әлемде шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болып, 92 миллион жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Бұл еңбек нарығының түбегейлі құрылымдық трансформациясын көрсетеді. Яғни кейбір салалар қысқарғанымен, жаңа бағыттар қарқынды дамып, соған сай дағдыларға сұраныс күшейеді.

Жаһандық өзгерістердің ықпалы Қазақстан нарығында да байқалып отыр. Профориентолог Маралбек Сағынғанов елдегі мамандықтар құрылымы біртіндеп жаңа сұраныстарға бейімделіп келе жатқанын айтады.

Фото: видеодан алынған скрин

– Елімізде Enbek.kz веб-сайты жұмыс істейді. Бұл платформа еңбек нарығындағы нақты жағдайды көрсетіп отырады. Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда жасанды интеллектпен байланысты мамандарға қажеттілік айтарлықтай күшейіп келеді. Сонымен қатар медицина саласы тұрақты сұраныста, – деді профориентолог.

Дегенмен нарықтағы өзгеріс тек жаңа мамандықтардың пайда болуымен шектелмей, кейбір дәстүрлі салаларға да әсер етіп жатыр. Мамандардың айтуынша, заң және экономика бағыттарына сұраныс біртіндеп төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты болашақта техникалық және инженерлік мамандықтарға басымдық беру маңызды бола түседі. Әсіресе электроинженерия перспективалы бағыттардың бірі ретінде аталып отыр.

ЖОО таңдау және грант мәселесі: талаптар мен тенденциялар

Мамандықтардың өзгеруімен қатар, білім беру жүйесіндегі таңдау мәселесі өзекті болып отыр. Биыл елімізде 215 мыңнан астам оқушы мектепті аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Алайда олардың барлығы болашақ мамандығын саналы түрде таңдай алды ма деген сауал әлі де маңызды күйінде қалып отыр.

Осы тұста мамандар университет пен мамандық таңдауда бірнеше негізгі фактор шешуші рөл атқаратынын атап өтеді.

– Биыл 210 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Олардың ішінде 33 пайызы физика-математика бағытын таңдауға бейім. Алайда бұл салаға бөлінген грант саны талапкерлер санына толық сәйкес келмейді. Сонымен қатар бейіндік пәндер арасында биология, химия және математика жиі таңдалып отыр. Жалпы алғанда, елімізде грант саны жыл сайын артып келеді. Ал шетелдік тәжірибеге келсек, онда 1000 талапкердің тек шамамен 40-ы ғана грант иегері атана алады, – деді профориентолог Маралбек Сағынғанов.

Маманның айтуынша, ең жиі жіберілетін қателіктердің бірі – кәсіби бағытты кеш анықтау. Сондықтан оқушымен 9-сыныптан бастап жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Кей жағдайда шетелге оқуға түсуге ниеттенгендер үшін бұл кезеңнің өзі кеш болуы мүмкін.

Шетелдік жоғары оқу орындарының талаптары біркелкі емес. Кейбір университеттер SAT (Scholastic Assessment Test) нәтижесін талап етпей, үміткердің жеке қабілеті мен әлеуетіне көбірек мән береді. Мұндай жағдайда психологиялық тест пен тұлғалық бағалау нәтижелері маңызды рөл атқарады.

Мәселен, АҚШ-тың білім беру жүйесінде басты мақсат – көшбасшылық қабілеті қалыптасқан тұлғаны дамыту. Сондықтан мотивациялық хат жазу кезінде оқушының үлгерімімен қатар оның жеке қасиеттері, қабілеті басты назарда болады.

Сонымен қатар мамандар ел ішіндегі мүмкіндіктер жеткілікті екенін айтады.

– Шетелдік университеттердің өңірлік кампустары бізде де жеткілікті. Ел көремін деп сыртта оқуды ойлай беру дұрыс емес. Білім алуды ойлау керек. Елімізде танымал университеттерге оқуға мүмкіндік бар. Мұнай инженериясы мен энергоменеджмент мамандықтары бар. Компьютерлік инженерияны оқыту да күн тәртібінде, – деді спикер.

Грант бөлу құрылымына келсек, биыл да техникалық бағыттар басымдыққа ие болып отыр.

– Физика-математикаға грант жақсы бөлінеді. Одан кейін химия-биология, математика-информатика бар. Ең аз таңдалатыны – химия-физика. Оны 400 оқушы таңдаған. Бірақ оның барлығы грантқа түсе бермейтіні түсінікті. Қуантарлығы, 800 оқушы биыл ағылшын тілінде ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есе көп, – деді ол.

ТОП-80 университетке шақырту алған қазақ қызы

Жаһандық білім кеңістігіне жол ашып отырған тағы бір бағыт – шетелде оқу тәжірибесі. Бүгінде бұл мүмкіндік қазақ жастары арасында кең таралып, жаңа білім траекториясын қалыптастырып отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Осындай жетістікке жеткендердің бірі – ТОП-80 университеттен шақырту алған түлек Медина Нұрәлі. Ол Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы орта мектепті аяқтап, бүгінде әлемнің бірнеше еліндегі жетекші университеттерден шақырту алған.

Медина халықаралық университеттерге құжат тапсыру процесін қазан айынан бастап жүргізген.

Оның айтуынша, алғашқы қадам АҚШ университеттеріне өтініш беруден басталған.

– Қорытындысында Оңтүстік Кореядағы Inha University таңдадым. Кореяға тапсыру – ең қиын бағыт. Ал оларға құжаттардың өзін Қазпоштамен салдым, – деді ол.

Түлек 8-сыныптан бастап мақсат қойып, ең алдымен ағылшын тілін жетілдірген. Кейін мамандық таңдау мен құжат дайындау кезеңіне көшкен.

– 8-сыныптан бастап қадамдар жасадым. Бірінші, ағылшын тілін меңгердім. Сосын әрі қарай мамандық таңдадым. Корея менен соңғы жылдары қоғамдық жұмыстарға қатысқан сертификаттарымды сұратты. Сол кезде өзге қатарластарыма онлайн түрде ағылшын тілін үйреткенім көмектесті, – деді ол.

Шетелге оқуға түсу жолындағы ең күрделі кезең – емтиханға дайындық.

– Таңдаған балың университетке түсуге жетпей қалуы мүмкін. Алайда берілмеу керек. Мен International Business мамандығын таңдадым. Ол елдер арасындағы халықаралық серіктестікті дамытуды көздейді. Болашақта сапалы білім беретін мектеп ашқым келеді. Ал бұл мамандық соған көмектесетініне сенемін, – деді Медина.

Мединаның жетістігі тек шақырту хаттарымен шектелмейді. Ол халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырған. Сонымен қатар ғылыми және қоғамдық жобаларға белсенді қатысып, ағылшын тілі пәнінен республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын алып, «Ой зерек» республикалық олимпиадасының жеңімпазы атанған.

Айта кетейік, елімізде білім гранттарының саны бес жылда 40 пайыздан астам өскен.