Бұрынғы Елбасының резиденциясы, қазіргі мұражайдың ішінде сәулеттік кешеннің залдары, кабинеттері мен холдары сол қалпында сақталып, мақтан тұтарлық тарихи жәдігерлерге айналуда. Мұражайдың директоры Алма Сағынғалидың айтуынша, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы 2004 жылғы тамыздың 28-інде Елбасы Жарлығының негізінде құрылды.
- Мен мұражай нағыз тарихи ғимаратта - бұрынғы Мемлекет басшысының резиденциясында орналасқандығын атап өткім келеді. Мұражайдың бірегей ерекшелігі - жас мемлекеттің өміріндегі тарихи шешімдердің біраз бөлігінің осы жерде қабылданғандығында, онда бірқатар жылдар бойы біздің еліміз үшін маңызды кездесулердің өткендігінде.
Дәл осы ғимаратта 1997 жылғы желтоқсанның 10-ында ҚР Парламенті палаталары мен ҚР Үкіметінің салтанатты бірлескен отырысында еліміздің жаңа елордасы болып Ақмола (қазіргі Астана) қаласы атанғандығы үлкен мақтаныш. Мұражайды елорданың назар аударарлық орындарының қатарына сөзсіз қосуға болады. Қазіргі мұражай кешенді ғылыми, білім және мәдени орталық болып табылады. Онда тәуелсіз Қазақстанның құрылу және даму үдерістерін толық және жан-жақты ашатын деректі, тарихи материалдар жинақталған.
- Алма Сағынғали, Мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмысы мен баспа қызметі туралы айтып өтсеңіз.
- Мұражай «Тәуелсіз мемлекеттің құрылу және дамуындағы ҚР Тұңғыш Президентінің саяси бастамалары» ғылыми бағдарламасы аясындағы үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда. Ғылыми бағдарламаға 7 жоба кіреді. Оларға сәйкес саяси, тарихи, әлеуметтік, экономикалық және социологиялық зерттеулер жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін біз 3 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, 2 жалпықалалық «дөңгелек үстел» өткізіп үлгердік. Сондай-ақ ғылыми және әдістемелік семинарлар, шеберлік сыныптар мен тағы басқа шаралар да ұйымдастырылуда. Келешекте мұражай тәуелсіз мемлекеттің саяси тарихын зерттеу орталығына айналуды көздеп отыр.
Ғылыми қордағы зерттеулерді басып шығару бағытындағы жұмыстар да басталды. «ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының коллекциясынан» сериясымен жинақтар, бағдарлама аясында орындалған монографиялар мен мақалалар жинақтары дайындалды. 2007 жылы мұражай «Мирас» қоғамдық-саяси және ғылыми-танымал журналын шығара бастағандығын атап өткім келеді. Сондай-ақ жыл сайын республикалық суреттер байқауына қатысушылардың «Туған жерім» жинақтары басылып шығады. Ал сабақтар, кездесулер мен балалар мерекелері «Мұражай сабақтарының жинағы» беттерінен орын алған. Қазір жүзеге асырар біздің жаңа идеяларымыз бен ойларымыз көп. Олар да оқырмандар арасында өз орнын табады деп ойлаймын.
- Мұражай шаңырағында бірқатар саяси оқиғалар өтуімен қатар, қандай заманауи жаңалықтар болды?
- Біздің мұражай өз алдына айтарлықтай үлкен мақсат қояды. Біз мұражайды елорданың мәдени орталығы ететін бірқатар жобаларды қолға алған болатынбыз. Мәдени шаңырақтың ғылыми-қорлық және ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру мақсатында «АЖ-Мұражай» автоматтандырылған ақпараттық жүйе сияқты бірегей инновациялық технологиялар енгізіліп, игерілуде. Біз осы бағдарламаны ойдағыдай іске қосқан еліміздегі алғашқы мекемеміз.
Бізде 500 жыл бойы сақтауға болатын негативтер қорын құруға мүмкіндік беретін Микрография лабораториясы жұмыс істейді. Сондай-ақ «Отбасында, мектепте, қоғамда және басқа әлеуметтік институттарда көшбасшы қасиеттерін қалыптастыру» атты жаңа білім жобасы іске қосылды.
- ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы өзінің 5 жылдығына қала тұрғындары мен қонақтарына не ұсынды?
- Басты мерейтойлық шара - «Қазіргі заманғы мұражай: Ғылым. Дәстүр. Инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Әлемдегі 7 мемлекеттің өкілдері қатысқан бұл шараны біз «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясымен бірігіп ұйымдастырған болатынбыз. Біздің негізгі мақсатымыз - ортақ кәсіби проблемалары бар мұражайлар арасында тәжірибе алмасатын алаң ұйымдастыру.
Сонымен бірге, «Өмір өзеніндегі белестер» көрмесі ашылды, «Мирас» қоғамдық-саяси және ғылыми-танымдық журналының мұражай тарихының барынша жарқын беттерін ашатын арнайы басылымы дайындалды.