Тұңғыштар мекені – Бөкей ордасына 220 жыл

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде Бөкей ордасының 220 жылдығына арналған «Бөкей ордасы – ел мұрасы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге Бөкей ордасындағы «Хан ордасы» тарихи-мәдени сәулет-этнографиялық музей-қорығынан жүзден астам жәдігер жеткізілді.

«Өткен тарихымызға көз жіберсек, осыдан 220 жыл бұрын Бөкей Нұралыханұлы Еділ мен Жайықтың арасына Кіші жүз қазақтарының көшін бастағанда басты мақсат – қазақ халқының ықылым заманнан жайлаған қасиетті мекенін қайтару еді. Ол ұлы мақсат жүзеге асты да. Осы айтылған Жайықтың оң жағында қазір Батыс Қазақстан облысының 6 ауданы, Атырау облысының екі ауданы орналасқан. «Тұңғыштар мекені» деп тарихта аты қалған Бөкей ордасынан хан мен сұлтан да, ақын мен батыр да, көсем мен шешен де шыққан. Күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина, қол бастаған Исатай батыр мен дауылпаз ақын Махамбет, Кеңес одағының батырлары Мәншүк пен халық қаһарманы Хиуаз, ғалымдар академик Асан Тайманов пен дәрігер Мәжит Шомбалов, Қазақ автономиялық кеңес социалистік республикасы Орталық комитетінің алғашқы төрағасы – Сейітқали Меңдешев, мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева, қазақтан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаев – осы өлкенің өрендері. Бұл тізімді жалғай беруге де болады. Алайда бастысы – киелі топырақта туған тұлғалар тек ел басында күн туғанда, қан майданда ғана ерліктің үлгісін көрсетіп қойған жоқ. Бейбіт өмірде де еңбектің көрігін қыздырды. Тек соғыстан кейінгі 1948-1949 жылдары екі жылда Бөкей ордасының 25 азаматына Социалистік Еңбек ері атағы берілген», - деді Мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар.

Депутаттың айтуынша, тәуелсіз ел болғалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен хан ордасындағы бір ғана ғимаратта орналасқан музей үйі қазір ашық аспан астындағы музей-кешенге айналды.

«Бөкей ордасын «Тұңғыштар мекені» деп те атайды. Оның да өз себептері бар. Мұнда Жәңгір ханның бастамасымен алғашқы орыс-қазақ мектебі ашылған. Сондай-ақ, алғашқы емхана, дәріхана ашылып, банк ісі алғаш рет жолға қойылған. Құм дауылын басу үшін қарағайлы орман еккен. Қазір Бөкей ордасындағы туризмді дамытуға баса мән берілген. Жыл басынан бері карантин шектеулеріне қарамастан, 10 мыңнан астам турист келді. Алдағы бес жылда туристер санын 30 мыңнан асыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Бөкей ордасына апаратын жол құрылысы басталды. Аудан ішінде туристік бағыттар құрылған», - деді БҚО Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Дауымов.

Елорда музейіндегі көрме 22 қарашаға дейін жалғасады. Онда 50-ден астам ақпараттық стендтер мен 70-тен астам жәдігерлер қойылған. Көрме залы 11 тақырыптық бөлімге бөлінген, көрменің бірінші және екінші бөліктерінде Жәңгір ханның өмірі суреттеледі. Кейінгі бөліктер Бөкей ордасының қалыптасуы мен дамуына арналған. Одан бөлек, көрме залында қуғын-сүргін жылдарына, Екінші дүниежүзілік соғысқа, Бөкей ордасында туып-өскен танымал тұлғаларға арналған экспозициялар бар.

«Дәл осы Хан Ордасы ауылында ХІХ ғасырға жататын 45-тен астам ғимарат және 80-нен астам үй сақталған. Оның ішінде 13 ғимарат Батыс Қазақстанның «Хан ордасы» тарихи-мәдени сәулет-этнографиялық музей-қорығының құрамына енді»,- деді музей-қорық директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева.

Сонымен бірге, көрмеде Исатай Таймановтың өз сарбазына ерлігі мен абыройы үшін тарту еткен қанжары, Бөкей заманынан қалған қару-жарақтар мен мөртаңбалар, тұрмыстық заттар қойылған. Сондай-ақ Жәңгір ханның мундирі мен Фатима ханшаның Санкт-Петербургте Николай І тәж тағу рәсіміне киген көйлегі реставрациядан кейін ұсынылып отыр.

«Жәңгір хан – даланың ұлы реформаторы. Ол басшылық еткен жылдары Бөкей ордасы қарыштап дамыды. Мұнда алғашқы дәріхана ашылды, алғашқы жәрмеңке, алғашқы мектеп, аурухана салынды, орман шаруашылығы ұйымдастырылды. Осының бәріне Жәңгір хан ықпал етті. Жәңгір ханның немересі – Қазақстандағы алғашқы фотограф. Жәңгір Хан бес тілді білген. Жәңгірдің үшінші әйелі Фатима – Орынбор мүфтиі Мұхамеджан Құсайыновтың қызы. Жәңгір хан Фатима үшін сарай тұрғызған. Сол сарайдың шығыс бөлігі бүгінгі күнге дейін сақталған. 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Хан сарайының батыс және негізгі бөлігі қалпына келтірілді. Қазір мұражай-қорықтың құрамында 13 ғимарат және үш қорық бар», - дейді Н. Оразгелдиева.

Маманның айтуынша, Жәңгір хан мен Фатиманың қыздарынан тараған ұрпақтары бар және олар Татарстанның Қазан қаласында тұрып жатыр.