Сертификат бастапқы жарнаның бір бөлігін жабады
Тұрғын үй сертификаты – ипотекалық несие рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның белгілі бір бөлігін өтеуге арналған әлеуметтік көмек. Бұл тетік 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда сертификат барлық азаматқа бірдей берілмейді. Оның шарттарын әр өңір жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай өз бетінше белгілейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Дәубек Керімбаевтың айтуынша, сертификатты алуға табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда белгіленген шектен аспайтын азаматтар үміткер бола алады. Сонымен қатар өңірлер белгілі бір мамандық иелеріне немесе әлеуметтік санаттарға қосымша қолдау көрсетуге құқылы.
– Бұл мемлекеттік көмекті әр өңір мәслихаты жыл сайын өз бюджетіне қарай алушылардың санатын және бөлінетін қаржы көлемін бекітеді. Кейбір өңірлер табысы төмен отбасыларды қолдаса, енді бірінде дәрігерлер, мұғалімдер немесе басқа да мамандар қамтылады. Сондықтан ең алдымен азамат өзі тұратын өңірде биыл қандай санат бекітілгенін нақтылап алғаны дұрыс. Кейбір облыстарда оның мөлшері 800 мың теңге болса, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында көбіне 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Ал кейбір әкімдіктер нақты сома белгілемей, тұрғын үй құнының белгілі бір пайызын өтеуді қарастырады, – деді Дәубек Керімбаев.
Былтыр республика бойынша 2 мыңға жуық отбасы тұрғын үй сертификатын алған. Бұл мақсатқа шамамен 2,5 млрд теңге бөлінген. Биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде 1900-ден астам отбасы осы қолдауды пайдаланып үлгерген. Оған 2,4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық азаматқа сертификат беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үй кезегінде тұру міндетті емес
Қазіргі таңда елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны миллионға жуықтады. Олардың төрттен бірі табысы төмен санатқа жатады. Сондықтан мемлекет мұндай азаматтарды баспанамен қамтуда тұрғын үй сертификатын маңызды құрал ретінде қарастырады.
Алайда сертификат бір рет қана беріледі, яғни оны алған азамат немесе оның отбасы мүшелері кейін қайтадан осы қолдау түріне өтініш бере алмайды.
Сонымен қатар көпшілік арасында тұрғын үй сертификатын пайдалану үшін міндетті түрде үй өзіңіз тіркелген қалада немесе ауданда орналасуы керек деген пікір қалыптасқан. Алайда министрлік азаматтардың таңдау құқығы бар екенін атап өтті.
– Министрлікке осы мәселеге қатысты сұрақ жиі түседі. Мысалы азамат ауданның тұрғын үй кезегінде тұр, бірақ сол ауданда жаңа тұрғын үй салынбайды. Мұндай жағдайда ол облыс аумағындағы басқа қалада салынып жатқан тұрғын үйді сатып алып, өзінің тұрғылықты жеріндегі әкімдік бөлген тұрғын үй сертификатын пайдалана алады. Сондықтан міндетті түрде өзіңіз тіркелген елді мекеннен ғана үй алу керек деген талап жоқ. Ең бастысы, бұл мүмкіндік сол облыс шегінде қолданылуға тиіс, – деді комитеттің бас сарапшысы.
Сертификатты алу үшін көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Егер азамат бекітілген санатқа кірсе, қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі.
Өтінішті eGov порталы арқылы жолдауға болады. Ал нақты талаптар мен құжаттар тізімі жыл сайын әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады.
Алғашқы жарнаны қалай жинаймыз?
Бірақ мамандардың айтуынша, бастапқы жарнаның бір бөлігін мемлекет өтеп бергенімен, үй алу үшін қаржылық дайындық бәрібір қажет. Себебі азамат ипотеканы ұзақ жылдар бойы төлейтінін ескеріп, өз мүмкіндігін алдын ала есептеген жөн.
Тұрғын үй сарапшысы Сапарәлі Құраловтың айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін ең үлкен қиындық – ипотеканың пайызы емес, алғашқы жарнаны жинау.
– Үй алуды ойлаған адамның ең бірінші мәселесі алғашқы жарна. Көп адам ипотека іздеуге асығады, бірақ оған дейін қаржылық дайындық жасау керек екенін ескере бермейді. Егер азамат мемлекеттік бағдарламамен үй алатын болса, кей жағдайда бастапқы жарнаның 10 пайызын тұрғын үй сертификаты арқылы өтеуге мүмкіндік бар. Сондықтан ең алдымен өзіңізге қандай бағдарлама сәйкес келетінін анықтап алған жөн. Бұл кейін ай сайынғы төлемді де жеңілдетеді, – дейді тұрғын үй сарапшысы.
Ақшаны басқаруды үйренбей, баспана алу қиын
Сарапшының айтуынша, үй алуға кедергі болып отырған басты себептердің бірі – табыстың аздығы емес, қаржыны дұрыс жоспарлай алмау. Оның сөзінше, көпшілік қолына ақша тиген сайын той-томалаққа, қажетсіз дүниелерге немесе эмоциямен жасалған сатып алуларға жұмсап жібереді. Соның салдарынан алғашқы жарнаға қажетті қаражат жиналмайды.
– Біз көбіне ақша табуды білмейміз деп айтамыз. Мен онымен келіспеймін. Қазақ ақша табады, бірақ оны басқаруды үйренуі керек. Көп жағдайда «жұрттан қалмайық», «тойға бармасақ ұят болады», «мына затты қазір алу керек» деген оймен жоспарсыз шығын шығарамыз. Сөйтіп, бірнеше жылдан кейін де бастапқы жарнаға ақша жиналмайды. Егер адамның нақты мақсаты болса, кейбір шығыннан уақытша бас тарта білу керек, – деді Сапарәлі Құралов.
Оның пікірінше, үй алуды жоспарлаған адам алдымен ақша жинаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруы керек. Ол үшін ең тиімді құралдардың бірі – депозит.
Сарапшы азаматтарға қолындағы ақшаны күнделікті картада немесе қолма-қол ұстамай, арнайы жинақ шотына салып отырған дұрыс дейді. Себебі кез келген уақытта шешіп алуға болатын ақша тез жұмсалып кетеді.
– Қазір депозиттердің түрі көп. Менің ойымша, адамға ақшаны шешіп алу қиындау болатын депозит тиімді. Өйткені ол эмоциямен қабылданатын шешімдердің алдын алады. Ақша картада тұрса, оны жұмсау оңай. Ал белгілі бір мерзімі бар депозитке салынса, адам тағы бір ойланады. Сол себепті жинақ жасау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Қазір Отбасы банкінің де тұрғын үйге арналған тиімді жинақ жүйелері бар. Жастардың көбі оны біледі, бірақ көбіне алдын ала дайындалмағандықтан немесе талаптарды дұрыс орындамағандықтан мүмкіндікке қол жеткізе алмай жатады, – дейді ол.
Ипотеканы ертерек жабудың тиімді жолы қандай?
Сарапшы ипотека рәсімдегеннен кейін де азаматтар жиі жіберетін қателіктердің біріне тоқталды. Оның сөзінше, көпшілік қосымша ақша пайда болса, ай сайынғы төлемді азайтуға тырысады. Ал іс жүзінде мерзімді қысқарту әлдеқайда тиімді.
– Ипотеканы ертерек жабу үшін несиенің мерзімін қысқарту керек. Себебі ай сайынғы төлем өзгермегенімен, негізгі қарыз тезірек азаяды. Соның арқасында банкке төленетін сыйақы көлемі де едәуір қысқарады. Егер қосымша табыс түссе, оны негізгі қарызды жабуға бағыттаған дұрыс. Осылайша бірнеше миллион теңгені үнемдеуге болады, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, егер азаматтың мемлекеттік бағдарламамен төмен пайыздық мөлшерлемемен үй алу мүмкіндігі болса, ең алдымен сол нұсқаны қарастырған жөн. Өйткені коммерциялық ипотекада алғашқы жылдары ай сайынғы төлемнің басым бөлігі негізгі қарызды емес, банктің сыйақысын өтеуге жұмсалады.
Бүгінде тұрғын үй сертификаты мыңдаған отбасының баспана алуына мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі саналады. Алайда мамандар бұл көмектің өзі қаржылық тәртіптің орнын алмастыра алмайтынын айтады. Үй алуды жоспарлаған азамат ең алдымен өз табысын дұрыс жоспарлап, несие тарихын реттеп, бастапқы жарнаны жинаудың жоспарын жасауы керек. Сонда ғана мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен ипотекалық өнімдердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, баспанаға қол жеткізу әлдеқайда жеңіл болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін, ипотеканы төлей алмай қалғандарға қандай көмек көрсетілетінін жазған едік.