Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының іске асырылуында проблемалар анықталды

ТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылуында бірқатар проблемаларды анықтады.

Бүгін «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті жанындағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын (ТКШ) іске асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі сараптама тобы бағдарламаның өңірлерде жүзеге асырылуына жауапты құзырлы органдардың өкілдерімен бейне-мәжіліс өткізді.

Еске салсақ, 2011 жылы ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерге жөндеу екі тетік бойынша жүргізіледі. Оның бірінші тетігі бойынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы республика бойынша 1 млрд. 932 млн. теңгеге 100 үйді, екінші тетік бойынша, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы 5,5 млрд. теңгеге 467 үйді жөндеу жоспарланды. 10 жылдың ішінде барлығы 11,5 мың үй жөндеуден өтетін болады.

ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ісі жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Михаил Тихонюктің айтуынша, бірінші тетік бойынша бүгінгі күнге дейін, 100 үйдің 87-сінде тұрғындармен өткен жиналыстардың хаттамалары ресімделді. 13 облыстағы 67 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаржының игерілуі 19 пайызды құрады. Екінші тетік бойынша 467 үйдің 397-сінде жиналыстардың хаттамалары ресімделіп, 15 өңірдегі 284 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Игерілген қаржының көлемі - 28 пайыз.

Анықталғандай, бағдарламаның жүзеге асырылуында әлі күнге дейін шешімін таппаған проблемалар да жеткілікті. Мәселен, тұрғын үй инспекциялары 10 өңірде ғана құрылған. Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында бұл бағытта жұмыстар әлі қолға алынбады. Онымен бірге, әкімдіктер тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу механизмдерін халыққа түсіндіру жұмыстарын нашар жүргізуде. Тұрғындар мемлекет ақша бергенімен, оны қайтару керектігін білмейді.Тіркелген кондоминиум нысандарын өте аз. Тұрғын үйлерді жөндеуге бөлінген бюджет қаражаттарын игеруде ашықтық жоқ.

М.Тихонюктің сөзіне қарағанда, осы мәселелерге қатысты ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ісі жөніндегі агенттігіне азаматтардан арыздар көптеп түсуде. Бұл кемшіліктерді «Нұр Отан» партиясы сараптама тобының өкілдері өңірлерге жасаған сапары барысында да өз көздерімен көріп қайтты.

Сараптама тобының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сансызбай Есілов, әр облыста, мемлекет қаражатына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әр тұрғын үй нысанында «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау бекеттерін құру қажеттігін айтты.

«Бұл жұмыстарға тұрғындардың өздерін жұмылдыру керек», - дейді ол. Себебі, ақша қайтарымды болғаннан кейін, олар жөндеу жұмыстарының бағасын, жұмыстардың сапалылығын өздері қадағалап отырғаны дұрыс.