Тұрғындармен есеп беру кездесулері атқарушы биліктің жұмысына серпін беруде - Қарағанды қаласының әкімдігі

ҚАРАҒАНДЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Тұрғындармен есеп беру кездесулері атқарушы биліктің жұмысына серпін беруде, тұрғындар тарапынан жолданған сауал ешқашан назардан тыс қалмайды. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімдігіннен хабарлады.

«Жалпы алғанда, 2010 жылы кезекті есепттік кездесу барысында тұрғындардан 153 өтініш-тілек келіп түссе, оның 25-іне сол жерде тиісті жауабы берілді. Жеке талап-тілектерге жазбаша түрде жауап жолданды. Ал, 69 өтініш иесінің сауалдарын қанағаттандыруға қосымша қаражат қажет болғандықтан алдағы кезеңдерде арнайы шаралар аясында қарастырылатын болады», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Негізінен, кездесу барысында кеншілер шаһарының даңқына көркінің сай болуы, аулаларды абаттандыру мәселесіне баса назар аударылды.

Қарағандылықтарды мазалайтын сауалдардың бірі - жасанды жабындымен көмкерілген балалар алаңдарын жабдықтау болса, арнайы бюджеттік бағдарлама бойынша өткен жыл ішінде 25 аула алаңдары тиісті талапқа сәйкестендірілсе, жасанды жабындылы 4 футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ тұрғын үй мәселесіне қатысты да көптеген сауалдар көтерілсе, азаматтардың баспана алу үшін тиісті заңнамаға сәйкес тіркелу, есепке алу, пәтерлерді бекіту тәртіптері туралы жан-жақты ақпараттар берілді. Жол жағдайын жақсарту, қоғамдық көліктің тиісті кестеге сай жүріп-тұруы қашан да өзекті мәселе екені белгілі. Бұл орайда да айтылар талап-тілектер аз болмады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты сауалдар күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселелердің қатарында екені белгілі. Тұрғындар көктем кезінде қардың уақытылы тазаланбайтындығынан және жауынды-шашынды күндері жертөлелердің суға толып кететіндігі туралы шағым білдірсе, тиісті ескертпелерге сай суағарлар тазаланып, уақытында қалпына келтірілді. Лифтілерді жөндеп, іске қосу жөнінде туындаған сауалдар аз болмады. Ақаулы көтергіштердің тізімі алынып, 2011 жылы қалпына келтіруді жүзеге асыратын арнайы бағдарлама әкімшілігіне табыс етілді. Есептік кездесуде мектепке дейінгі мекемелердің келешегі де әңгіме арқауы болды. 2011 жылы Кеңдала шағын ауданы мен Ермеков көшесі бойында 320 орындық 2 бала бақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 280 орынға лайықталған «Дубок» және 330 бүлдіршінді қабылдайтын «Загадка» балалар бақшасы ағымдағы жылы іске қсылатын болады.

Қорыта айтар болсақ, кездесуде көтерілген сауалдардың ешқайсысы да назардан тыс қалған жоқ.