«Маған жаңа баспана төрағаға, оның орынбасарларына, банктің Алматыдағы филиалының директорына, оның ағасына, департамент директорына, оның апайына бөлінгендігі туралы анықтама берді. Банктің басқарушы директоры, оның ағасы, сондай-ақ кейіннен пәтерді үшінші тұлғаға сыйға тартқан ұлы баспана алған. Мен уақытымды шығындап мынау далбасаны жасайтын іс болмағаннан кейін тізбектей атап отырғаным жоқ. Мен қарап отырмын, банктің жеңілдікпен пәтер алған 20-дан астам қызметкері бар. Біз сонда банкті оның қызметкерлері үшін құрдық па?» - деген-ді Елбасы ашына. Міне, осылайша Мемлекет басшысының араласуының арқасында заңсыз алынған талай пәтер қайтарылған да еді.
Ал бүгін аталған бағдарламаның жүзеге асырылу барысы егжей-тегжейлі талқыға түскен Үкімет отырысында банк басшысы Айбатыр Жұмағұлов Премьер-Министр Серік Ахметов тарапынан сын садағына ілігіп, қызметіне таяуда ғана тағайындалғаннан кейін ғана жазадан аман қалды.
Сонымен алқалы жиында баяндама жасаған А.Жұмағұловтың айтуынша, банк «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын екі бағытта іске асыруда. Біріншісі - жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй салып, оны банк жүйесі арқылы халықтың барлық санатына өткізу. Екіншісі - жергілікті атқарушы органдардың жас отбасылар үшін салатын жалдамалы тұрғын үйлерін қаржыландыру. Бұл ретте ескерерлігі құрылысқа, оның сапасына және белгілеген мерзімде салынылуына жергілікті атқарушы органдар жауапты. Ал халықтың баспана сатып алуын тұрақты қаржыландыру жауапкершілігі банктің мойнына артылған. «Қолда бар мәліметтерге жүгінетін болсақ, баспанаға деген ең көп сұраныс Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Ал, жалпы Қазақстанда бір баспанаға орташа есеппен 2-ден астам өтініш қабылданды. Банктің халық арасында жүргізіп отырған насихат жұмыстарын ескерер болсақ, сұраныс келесі жылдары бұдан да жоғары болмақ. Тиісінше тұрғын үй көлемі салынған жағдайда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бұдан да көп көлемде қаржы беруге дайын», - деді А.Жұмағұлов.
Банк басшысының атап өтуінше, өткен жылы халықтың барлық санатына арналған 484,5 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 7264 пәтер салынып, пайдалануға беру жоспарланған. 2014 жылдың 1 қаңтардағы деректерге қарағанда, банкке келіп түскен пайдалануға беру актілеріне сай 308,9 мың шаршы метр тұрғын үйлердің иелері қоныс тойын тойлаған. Бұл жоспардың 64 пайызы. Ал жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағыты бойынша жоспарланған 144,2 мың шаршы метрдің іс жүзінде 111,2 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Бұл жоспарлы көлемнің 77 пайызы.
«Міне, қараңызшы, - деді алдындағы слайдтарға жіті қарап отырған Үкімет басшысы Серік Ахметов банк басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұловқа қарата, облыстардың тең жартысы «Тұрғынүйқұрылысбанкі» бойынша баспананы пайдалануға беру жоспарын 100 пайызға орындаған. Ал өңірлердің қалған жартысы 75-тен 0 пайызға дейін орындаған. Сонда сіздер үшін Қазақстанда іріктелген өңірлер бар болғаны ма? Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстары неге 100 пайызға орындаған? Бәріне бірдей жүйелі, бірыңғай себебі болса түсінер едім. Ал қалған өңірлер Шығыс Қазақстан - 75, Атырау - 69, Алматы - 60, ОҚО - 39, Астана, Павлодар - 20, Маңғыстау мен Жамбыл - 0 пайыз. Ол жақта баспана алғысы келетіндердің болмағаны ма?», - деді С.Ахметов.
Ал банк басшысының атап өтуінше, еліміздің барлық өңірлерінде баспанаға сұраныс 2 еседен асады. Дегенмен, банк құрылыс жұмыстарын жеделдету үшін қандай да бір шаралар қолдануға қауқарсыз. Яғни, қаржы институты құрылысты қаржыландыруды ғана жүзеге асырады әрі оны барлық өңірлер бойынша да тыңғылықты орындауда. Ал, құрылыс жұмыстарының жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдардың мойнына артылған жүк. «Сондықтан да оған жауап бере алмаймын. Әрине, мен құрылыс жұмыстарының неліктен кешеуілдеуіне қатысты объективті себептерін білемін. Дегенмен, банк бұл үдеріске қандай-да бір жолдар арқылы ықпал ете алмайды»,- деді банк басшысы.
«Сіздер пайдалануға беру жоспарын орындап отырған жоқсыздар ғой. Ақша бар, лимит айқындалған. Бұл санат бойынша пайдалануға беру жоспары - 484 мың шаршы метр. Іс жүзінде пайдалануға берілгені - 308 мың шаршы метр. Сіздердің игерген өңірге қаржыны ұлғайтуға құқыларыңыз бар, неге пайдаланбайсыздар?», - деді Үкімет басшысы. Бұл орайда А.Жұмағұлов жоспар арқылы белгіленген өңірлермен келісім жасалып, пул қалыптастырғандықтарын, яғни банк өз міндеттерін толық атқарып отырғандығын атап өтті. «Бір тараптың барлығын істеп, келесінің түк атқармауы мүмкін емес. Демек, жалпы банктің, сол өңірлердегі филиалдарыңыздың жұмысы бәсең. Ол жақта қаншама адам отырса да, олар жұмыс істемейді деген сөз. Сіз де салғырттыққа салынғансыз. Біздің тараптан бәрі жасалды дейсіз. Егер осы маңызды бағыт бойынша Маңғыстау мен Жамбыл облыстарында нөл шаршы метр болса, ештеңе де жасалынған жоқ қой. Азаматтардың барлық санаттарына, оның ішінде жас отбасыларға арналған баспана - маңызды бағыт. Алайда, ШҚО-да - 0, Астанада - 0, ОҚО-да - 0. Сізді ақтап алар жалғыз жайт, бұл қызметке енді ғана кірістіңіз. Ресурстар бар, ақша бар. Демек, оларды бұл бағытта әкімдер жұмыс істеп жатқан басқа өңірлерге бағыттау қажет. Міне, банктің міндеті осы. Пулды жинап алады, тастай салады. Бар болғаны осы. Одан да құрылыс қарқынды жүріп жатқан, әкімдер қызығушылық танытып отырған өңірлерге бөліп берсін. Сол жаққа барсын жұмыс істеуге. Ол өңірлерден филиалдарды алып, жұмыс істеп жатқан өңірлердегілерді күшейту үшін бағыттау қажет. Егер ол (Тұрғынүйжинақбанкі) қаржының не бәрі 10 пайызын игерер болса, онда бізге «Тұрғынүйжинақбанкінің» қажеті қанша? Онда бұл қаржыны басқа бағыттарға бағыттау мәселесін қарастырайық», - деген С.Ахметов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа сөз берді.
Оның атап өтуінше, келісімшарт банк пен жергілікті атқарушы органдар арасында жасалатындықтан, банк тапсырыс беруші болып саналады. «Егерде бүгінгі құрылымдағы жауапкершілікке қандай да бір өзгертулер енгізу қажет болса, онда біз Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп қарауға әзірміз», - деген ол банк төлем жасайтын болғандықтан, құрылыс барысын тікелей бақылау мүмкіншілігі тетігін беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ министр бұған дейін жасалған келісімшарттарда қандай да бір кемшіліктер болып, оны желеу еткен жергілікті атқарушы органдар өз міндеттемелерін орындамайтын болса, онда алдағы уақытта да кемшіліктерге жол бермеу үшін мұндай тәртіптерді қайта қарастыру қажеттігін баса айтты.
«Қолдаймыз, Өңірлік даму министрлігі және «Бәйтерекпен» бірлесіп, бұл мәселені қарастырыңыздар», - деді Премьер-Министр.