Құзырлы органның мәліметіне қарағанда, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу шеңберінде шетелдік туристердің тасқыны болатын 17 күн анықталған. «Көрмені өткізу кезеңінде туристер ағылып келетін 17 күнді анықтап қойдық. Бұл негізінен, ірі концерттік мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтетін күндер. Мысалы, бұл күндерге Еуразия медиа форумын, Димаш Құдайбергеннің концертін, ТМД-нің жетекші әзілкештері қатысатын көңілділер мен тапқырлар клубын жатқызуға болады. Көп туристердің ағыны осы күндерде байқалады»,- деп түсіндірді Асқар Адамбеков.
Оның айтуынша, соңғы екі күннің ішінде көрмеге 5 670 турист келіпті. «Егер дәлме-дәл сандарды келтіретін болсақ, соңғы екі күннің ішінде келген туристердің саны - 5 670 дам. Біз бұл санды 180 қонақ үйге жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықтадық. Олардың қай елдерден келгені туралы мәлімет келтіре алмаймын. Бұл сауал шекара қызметіне қойылуы тиіс. Мәлім болғанындай, 5 күннің ішінде көрмені 10 мыңнан астам адам тамашалады. Атап айтарлығы, қазіргі кезде қонақ үйлерде де, хостелдерде де бос орындар жеткілікті. «ЭКСПО-2017» көрмесі енді ғана басталды. Бірақ біз алдағы уақытта туристердің үлкен ағынын күтеміз»,- деп мәлімдеді А. Адамбеков баспасөз мәслихатында.
Ол сондай-ақ, қазіргі кезде елордамызда 197 қонақ үй, 91 хостел меймандарға есігін айқара ашқанын хабарлады. Көрмеге келушілерді орналастыратын 18 жатақхана да бар. Ол жатақханада бір тәулікке тұрудың құны 2-ден 5 мың теңгеге дейінгі аралықта. Бұған қоса, ЭКСПО меймандарына арналған 10 мың жайлы пәтерлер дайындалған, ол пәтерлер елорданың әртүрлі аудандарында орналасқан. Елорда қонақтары жатақханадан арзан бөлмелерді жалға алу үшін арнайы құрылған call-орталыққа хабарласуы керек.
Үш айы бойы еліміздің бас қаласы адамзаттың энергетика саласындағы барлық жетістіктерін күллі әлемге паш еттін үлкен алаңға айналады,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 9 маусымда халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде. Расында да тәуелсіз Қазақстан бүкіләлемдік көрмені өткізген Азияның төртінші еліне айналып отыр. Айта кетерлігі, бұған дейін халықаралық көрме Жапонияда, Оңтүстік Кореяда және Қытайда өткізілгені мәлім. Ресми мәлімет бойынша, көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымдар қатысуда. Көрменің ауданы 113 гектар жерді алып жатыр, соның ішіндегі 25 гектар жерде 93 көрме залдары орналасқан.
ЭКСПО-2017 көрмесі елімізге не береді? Біріншіден, бұл көрме жыл сайын өсу қарқыны арта түскен баламалы энергетика саласындағы халықаралық тәжірибе алмасатын алып алаңға айналады. Екіншіден, мұндай жаһандық деңгейдегі оқиға Қазақстан сияқты жас мемлекеттің тарихындағы маңызды белестердің бірі болмақ. Яғни, бұл жоба барша қазақстандықтарды бір мақсатқа біріктіріп, елімізді бүкіл әлемге паш етудің бірегей мүмкіндігін береді.