ОРАЛ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық жас туристер Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында өткен, Виктор Дубровскийді еске алуға арналған жаяу туризмнен ҚР біріншілігі мен туристік көпсайыстан ел кубогі кезеңінен табысты оралды.
БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығынан Әсел Дүйсенованың хабарлағанындай, аталмыш жарысқа барлығы 23 команда қатысса, соның ішінде 7 ересектер, 9 жасөспірімдер, 7 балалар командалары болды. БҚО намысын «Батыс-west-2» жасөспірімдер және «Батыс-west-3» балалар командалары қорғады. «Байланыстар» және «Жеке» атты екі бірдей қашықтықта «Батыс-west-2» үшінші орынды иеленсе, «Ерлер байланысынан» жасөспірімдерден Аманер Темірбаев пен Абдислан Төлеуғалиев екінші жүлдені еншіледі. Балалар арасында Ернұр Мұрат пен Ернар Батай үшінші орынға көтерілді. «Техникалық» қашықтықта «Батыс-west-2» командасы үшінші орынды иеленді.
Туристік көпсайыстан ел кубогі жеті кезеңінің қорытындысы бойынша «Батыс-west-2» құрамасы үшінші, «Батыс-west-3» төртінші орынға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).