ЭКСПО арқылы Астананы, еліміздің басқа да курортық орындарын өз көзімен көрген шетелдіктердің біразы Қазақстан жайында бұрын қалыптасқан таптаурын көзқарастарын өзгерте бастаған. Бұған дәлел ретінде бүгінде шаһар көшесінде ЭКСПО-ға келген шетелдіктерден жөн сұрасаң, Қазақстан жайында жеткілікті деңгейде білмегендігін мойындайды. Олар елімізді өңірдің басқа мемлекеттерімен салыстыра келе, қауіпсіз жерде жүргенін анық байқап отырғандықтарын алға тартуда. Жергілікті тағамдардың дәміне де тамсанатындар бар. Жақында грузин саяхатшысы велосипедпен ЭКСПО көрмесіне келді. 2016 жылдың 17 қазанында Владивастоктан шыққан Нодар Беридзе Ресейдің Қиыр Шығыс өңірін аралап, сосын Астанаға жетіпті.
Ал Голландия азаматы Франк Болдер 4 мың шақырым жерді артқа тастап, «кемпер» аталатын үй-көлікпен Астана қаласына жетті. «Мында бізге өте ұнады. Астанадағы ЭКСПО-ны көру үшін 4 мың шақырымды артқа тастап келдік. Соған ешбір өкінбейміз», - дейді шетелдік мейман. Айта берсек, осындай қызық оқиғалар жаз басталғалы көптеп кездесуде.
Туристерге баға кедергі ме?
«ТурСтат» аналитикалық агенттігінің мәліметінше, Астана қаласы туристер арасында ТМД елдерінде көш бастап тұр. ТМД-ның ТОП-қалаларына сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Армения және Өзбекстан елдерінің астаналары енген. 2017 жылдың жазында туристер арасында сұранысқа ие қалалардың ондығына Астана, Баку, Минск, Ереван, Ташкент, Алматы, Кишинев, Бішкек, Киев және Ашхабад кіріп отыр.
Агенттік Астананың туристер үшін ең қымбат қала болып табылатынын да айтады. Мұнда туристер орташа алғанда 3-5 күнге келеді. Қонақүйге бір тәулігіне 80 доллар төлейді. Минскіде оның бағасы - 60 доллар, Бакуде - 75 доллар, Ереванда - 65 доллар, Ташкентте - 45 доллар, Алматыда - 70 доллар, Кишиневте - 35 доллар, Бішкекте - 32 доллар, Киевте - 50 доллар, ал Ашхабадта 30 доллар тұрады. Яғни туристер үшін ТМД-ның ең арзан қалалары - Ашхабад пен Бішкек болса, ең қымбаттары - Астана мен Баку.
Алайда бұған ЭКСПО-ның да әсері жоқ емес. Мәселен, ЭКСПО-ға келетін туристердің көпшілігі ең қымбат қонақүй нөмірлерін брондаған. «Астана Конвенш Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбековтің айтуынша, меймандар тарапынан «бес» немесе «төрт жұлдызды» қонақүйлерге сұраныс жоғары, ал арзанырақ бағадағы қонақүй, хостел, жатақханаларда орын баршылық.
«Көрменің алғашқы күндері қонақүй желілері 100% толды. Бес немесе төрт жұлдызды қонақүйлерде тіпті бос орын қалмады. Ал басқа нөмірлерде, айталық, үш жұлдызды қонақүйлерде орын жеткілікті», - деді А. Адамбеков. Ал елорда әкімдігі қазақстандық тұрғын үй сегментінде (қонақүйлер) бағалар шетелдіктер үшін ғана емес, елдің әр өңірінен келетін қонақтарға да қолжетімді деп санайды. Бағаның тез құбылуына жол бермеу мақсатында қала билігі жалға берушілердің арнайы қауымдастығын да құрған-ды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, ЭКСПО-ның алғашқы күндері елордаға 10 мыңнан астам қонақ келген. Сонымен қатар әлемдік жұлдыздардың концерті өтетін күндері мен ірі шаралар кезінде туристер жан-жақтан ағылады деп күтілуде.
Айтпақшы, осы аптада тілшілер сауалына жауап беру кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстандағы туристік қызмет бағасы неліктен қымбат екендігін түсіндіруге тырысқан. «Әрине, біздегі жоғары баға барлығының да ренішін тудырады. Ал қалай арзандайды? Ұсыныс көп болатын болса құны құлдырайды. Кең ауқымды әрекеттер орын алған кезде баға төмендеп, ұсыныстар барынша қолжетімді бола түседі», - дейді ол. Оның пайымынша, 2023 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасы Қазақстанның туристік компаниялары тарабынан ұсыныстарды арттырып, олардың құнын төмендететін болады. Бұл ретте министр әйгілі Алакөлден гөрі Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктерінде демалған біршама арзанға түсетіндігін мойындады.
«Алакөлге және басқа демалыс орындарынан гөрі Түркияға немесе Әмірліктерге барған арзанға түсетіндігі құпия емес. Сондықтан да қазіргі уақытта біз қарқынды жұмыс істеудеміз. 2023 жылға дейінгі бұл Тұжырымдама қабылдап, жаба салатын бағдарлама емес. Оның заңнамалық актісі болады. Онда барлығы жазылады. Мұны барлық мемлекеттік органдар орындауға міндеттеледі»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
ЮНВТО-ның Қазақстанға ұсынысы
Айта кетерлігі, осы аптада БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның (ЮНВТО) бас хатшысы Талеб Рифаи Қазақстан Үкіметінің отырысына қатысып, өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. Үкіметтің салалық мәселелерді талқылайтын отырысына әдетте Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысушы еді. Ал БҰҰ агенттіктері басшыларының қатысуы сирек кездесетін оқиға десек те болады. Осының арқасында мәртебелі мейман Қазақстанда туризмді дамыту бағытында өзінің ұсыныстарын ортаға салды.
«Туризм - Қазақстанның болашағы. Қазақстан үшін бұл саланың әлеуеті жоғары. Туризмді алға жылжыту үшін не істеу керек? Бұл үшін ескеруді қажет ететін үш негізгі пункті ұсынғым келеді», - деп тоқталды Рифай.
Оның пікірінше, біріншіден, Қазақстанға сапарлау жылдам, арзан әрі жеңіл болуы тиіс. Ол үшін шетелдіктерге қазақстандық визаны алу шараларын жеңілдету керек. «Визаны толық алып тастауды сұрамаймыз, бірақ та визаға қол жеткізуді оңайлату керек. Біз 100 пайызға электронды виза тұжырымдамасын қолдаймыз, яғни адамдар визаға өтінімді онлайн режімде беруі керек. Себебі туристер елшілікте немесе консулдықта кезекте тұруды, бірнеше күн бойы жауап күтуді қаламайтыны анық. Визаға электронды нұсқада өтінім беру - ол қауіпсіз әрі қолайлы. Бұл өз кезегінде элекронды билет алғанмен бірдей. Сіздерді осы мәселені зерттеуге шақырамын. Саяхаттаудың қауіпсіздігі мен жеңілдігі біріне-бірі қайшы емес, керісінше саланы оңтайландыруға жол ашады»,-деп тоқталды ЮНВТО бас хатшысы.
Бұдан бөлек ол шетел әуе рейстері санын арттыра отырып, Үкіметке әуе кеңістігін барынша ашық ұстауға кеңес берді.
«Әрине, бір мезетте барлық әуе қатынастарын ашу мүмкін емес. Өздеріңіз үшін екі-үш жылдық мерзімді белгілеп, әуе байланыстарын ашық етіңіздер»,-деп ұсынды Т. Рифаи. Оның сөзіне қарағанда, әлем елдері Қазақстан жайында толық біле бермейді. Сондықтан республика әлемдік деңгейдегі оң имиджге инвестиция салудан тартынбауы тиіс. Турзимді алға жылжыту мен маркетингке инвестицияны үнемі бағыттап отыру қажет. Яғни, инфрақұрылымға, әуежайлар мен жолдарға қыруар қаржы инвестициялаған Қазақстан үшін енді имиджін нығайтуға да қаражат аямауы керек.
ЮНВТО бас хатшысының пайымынша, Қазақстан стратегиясында үшіншіден, қызметкерлер құрамын оқытуға екпін жасауы тиіс. Туристерге қызмет жасайтындай қажетті курстарды қамтамасыз етіп, дұрыс білім беріп, тиісті саясатты қалыптастыру керек. «Қазақстан әлемдегі ең үздік туристік бағыт болуы үшін қолдау жасауға әзірміз. Сондықтан Қазақстан халықаралық туризмнің жұлдызы бола алмайды деуге еш негіз жоқ»,-деп қадап айтты Талеб Рифаи.
Қазақстандағы туризмнің үлесі қандай болмақ?
Қазақстан 2025 қарай туризм үлесін Ішкі жалпы өнімге шаққанда 8 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш қазір 1 пайыздан аспайды. Айта кетерлігі, Үкімет жақында Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын мақұлдады. Бұл ең алдымен жоғарыда аталған мақсат-міндетті орындаудың негізгі қадамы болмақ.
Аталған құжатты таныстыру барасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тұжырымдама халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалғанын атап өтті. Талдаулар жүргізіліп, туристік қызметті мемлекеттік қолдаудың бірқатар тиімді шаралары айқындалды.
«Бұл үлгілердің барлығын елде туристік саланы дамытумен қатар, мемлекеттік инвестицияларды қайтару тұрғысында табысты деп атауға болады. Қазақстанның мәдени саясаты тұжырымдамасының басымдықтарын ескере отырып, туристік кластерлер қайта қаралды, олардың атаулары өзгертіліп, алтыншы кластер қосылды»,-дейді министр.
Бұл ретте Астана кластері екі мәдени-туристік кластерге бөлінген: «Астана - Еуразия жүрегі» елорданы қамтитын болады. «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің тұтастығы» кластеріне туристік қызығушылық танытатын негізгі орындар енеді. «Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластерінде «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы, «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Қара дала» курорттық аймағы ескерілді. «Ұлы Жібек жолының жандануы» кластеріне Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, «Қасқасу» таулы курорты қосылды. «Каспий қақпасы» кластерінде (Маңғыстау облысы мен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының бір бөлігі) әзірленетін негізгі туристік өнімдерінде жағалау туризмі, мәдени туризм және турнелер қамтылды. «Алтай інжу-маржаны» кластері (ШҚО-ның солтүстік және шығыс бөліктері) «Табиғаттың ғажайып әлемі» тақырыбында ұсынылады және экологиялық туризмнің орталығы болып табылады.
Тұжырымдаманы екі кезеңде, 2017-2019 және 2020-2023 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі индексіне сәйкес, Қазақстан 136 елдің арасында 81 орында тұр. Салыстыратын болсақ, 2015 жылы еліміз 85 орында, 2013 жылы - 88, ал 2011 жылы 139 мемлекеттің ішінде 93 позицияда еді. Статистикаға салсақ, 2016 жылы ішкі саяхатта болғандар 9,6 млн адамды құрады, сондай-ақ мемлекетімізге сапарлаған шетелдіктер 6,5 млн адамға жетіпті. Шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен, жақын көршілерден екен. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары.
Айтпақшы, қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық экономика министрлігіндегі Статистика комитетімен, «Маккензи» мен «Реформатикс» компанияларымен, сонымен қатар ЮНВТО және Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмысты қолға алыпты.