Түркі мемлекеттері киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді — Ердоған

АСТАНА. KAZINFORM — Дамыған және дамушы елдер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға айрықша назар аудару қажет. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған айтты.

Фото: Ақорда

— Жасанды интеллектіні мүмкіндік ретінде қарастыру керек. Бірақ технологиялар жаһандық үстемдік құралына айналмауы үшін дұрыс тәсілмен қарау қажет. Біз дамыған және дамушы елдер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл біздің ортақ ұстанымымыздың бір бөлігіне айналуы тиіс. Біз ұйымымыздың бақылаушы мемлекеттері де технологиялық дамудың мүмкіндіктерін, соның ішінде БҰҰ тетіктері мен басқа да халықаралық платформалар арқылы пайдалана алғанын қалаймыз, — деді Түркия Президенті.

Оның пайымынша, жасанды интеллектінің дамуымен байланысты жаңа технологиялық сын-қатерлер мен тәуекелдерге мұқият қарау қажет.

— Қазіргі әлемде киберқауіпсіздік құрлықтағы да, теңіздегі де және әуедегі де қауіпсіздік сияқты маңызды. Осыған байланысты біз ұйымымыз аясындағы киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруді жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз, — деді Режеп Тайип Ердоған.

Айта кетейік, саммитте Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба немесе әскери ұйым еместігін, ол бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті.