Түркі кеңесін реформалау процесі басталады
Түркі кеңесінің бұған дейінгі соңғы саммиті Астанада өткені белгілі. Содан бері үш жыл өтіпті. Осы уақыттың ішінде Қазақстан кеңестің төрағасы ретінде өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Түркі тілдес елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға күш салды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, түркі мемлекеттерінің интеграциясы өз жалғасын тапты. Мәселен, түркі тілдес елдері интеграциясының тұжырымдамасы әзірленді. Онда интеграцияның мақсаттары мен қағидаттары, даму кезеңдері мен іске асыру жолдары айқындалды. Нәтижесінде Шолпан-Ата саммитінде Кеңес мүшелері аталған құжатқа қол қойды. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның төрағалығы кезінде ғылыми-ағартушылық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Түркі тарихына арналған оқулық әзірленіп, кеңеске мүше мемлекеттердің мектеп бағдарламасына енгізіле бастады.
«Астанада өткен V саммитімізден бері Түркі кеңесінің мемлекет басшылары екіжақты кездесулер өткізіп, өзара сапар алмасты. Аталған үрдіс елдер арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік қатынастардың кеңеюіне мүмкіндік берді. Түркі кеңесі мемлекеттері арасындағы сауда-айналымы артты. Сонымен қатар, көне түркі интеграциясы үшін маңызы зор Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтастығының жаңа белеске көтерілгенін атап өткім келеді. Биыл наурызда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада өткен кездесуі соның бір дәлелі. Бұндай басқосуды біз ары қарай жүргізуге келістік. Ендігі кездесу келесі жылы наурыз айында Ташкентте болады», - деді Н.Назарбаев Түркі кеңесінің VI саммитінде.
«Бүгінгі таңда хатшылықтың мандаты техникалық және хаттамалық сұрақтармен шектелген. Оған қоса, түркі ынтымақтастық институттарының қызметінде қосарланушылық жиі кездеседі. Осыған орай, ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Халықаралық Түркі академиясын және Түркі мәдени мұраларын сақтау қорын, сондай-ақ, ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-мен (Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы - авт.) біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. Бізге көп шенеуніктің қажеті жоқ», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Президент Түркі кеңесіне кіретін тағы бір ұйым - Түркі елдерінің Парламентаралық Ассамблеясын (ТүркПА) қысқартуды ұсынды. Себебі аталған институт өз міндетін атқарып болған сыңайлы.
Есесіне ендігі кезекте хатшылықтың құзыретін күшейту керек. Аталған құрылым әкімшілік жұмыстармен шектелмей, ұйымның интеллектуалды өзегіне айналуы тиіс. Осылайша, Түркі кеңесі бірін-бірі толықтыратын екі деңгейден тұрады. Ол - Хатшылық және ТҮРКСОЙ. Ал президенттердің кездесуі ұйымның негізі органы болып қала береді. Кеңес мүшелері Қазақстанның осы бір маңызды ұсынысын бірауыздан қабылдады. Жоспарға сәйкес, хатшылық келесі саммитке дейін тиісті құжаттарды әзірлеп, президенттердің қарауына енгізеді.
Айта кету керек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммиттегі сөзінде Түркі кеңесінің негізгі міндетіне басымдық беру қажеттігін көтеріп, мәдени-гуманитарлық сала бойынша нақты жобаларды ұсынды. Президенттің ойынша, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы үлгісінде «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» деген жобаны бастауға болады.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес елдердің транзиттік әлеуетін барынша пайдаланып, өзара сауда-саттықты арттыруға үндеді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығын, Түркістанның сәулетін бірлесіп дамытуға шақырды.
Айта кетерлігі, биылғы саммитке Өзбекстан қатысады деген күннен бастап сарапшылардың көбісі көрші мемлекеттің кеңес мүшелігіне өтетінін болжап жатқан еді. Алайда ондай бастама көтерілген жоқ. Дегенмен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Түркі кеңесімен ынтымақтастық байланыстарын жүргізуге мүдделі екенін білдірді. Тіпті, көне Хиуа қаласын Түркі кеңесінің астанасы деп жариялауды ұсынды. Өзбек елінің басшысы түркі тілдес елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейту керек деп санайды. Осы орайда ол Түркі кеңесі аясындағы кәсіпкерлік форумды Ташкентте өткізуге ұсыныс жасады. Оның айтуынша, Өзбекстан жеріндегі Ислам өркениетінің киелі жерлерімен де туристік маршруттарды ұйымдастыруға болады.
Ал Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков Түркі кеңесінің географиясын кеңейтудің нәтижесінде түркі тілдес елдердің достығын күшейтуге болатынын жеткізді.
Биылғы саммит кезінде Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғызстанға ресми түрде тапсырды. Ал ұйымның Бас хатшысы қызметіне Бағдат Әміреев тағайындалды. Сондай-ақ, осы жолғы саммитке қатысқан Мажарстан еліне бақылаушы мәртебесі берілді. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан саммитте Орталық Азия елдерінде, әсіресе, Қазақстанмен стратегиялық қарым-қатынасын ерекше бағалап, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен де сондай деңгейдегі ынтымақтастыққа әзірлігін мәлімдеді.
«Қазіргі күні Венгрия Қазақстанмен стратегиялық қарым-қатынас орнатты. Біз сол секілді Орталық Азияның басқа елдерімен де әріптестік байланыстарымызды кеңейтуге дайынбыз. Біз мажарлар, мажар тілінде сөйлейміз. Бұл түркі тілдер тобына жататын бірегей, ерекше тіл. Христиан дінінде болғанымызбен түбіміз - қыпшақ-түркілері. Осындай тамырлас байланыстың көрінісі - жыл сайын Мажарстанда әртүрлі халықтардың, соның ішінде түркі елдерінің өкілдері бас қосып, құрылтай жасайды», - деді Виктор Орбан.
Кеңестің келесі саммиті бір жылдан кейін Әзербайжанның Баку қаласында өтеді. Әзірше, сол саммитте қаралатын бір құжат белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша кеңесті реформалау шаралары ресми түрде бекітілуі тиіс.