Түркі жұрты бір-бірін аудармасыз түсінуі қажет - Тіл комитеті

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Түркі жұрты бір-бірін аудармасыз түсінетін жағдайға жетуі қажет.

Сонда ғана біз мәдениет, ғылым мен әдебиет саласында біраз жетістіктерге жете аламыз. Бұл пікірін бүгін Астанада өткен іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы білдірді.

Ғалымның пайымдауынша, түркі әлемін жақындастыру үшін түбі бір халықтар бір-бірінің ғылыми еңбектерін аударып, екі жақты рухани байлықты байыта түсуі қажет. Осының арқасында барлығы ескілік психологиясынан арылып, бір кездері болған «кеңестік қамалды» бұза алады.

«Негізі, қазіргі кезде түркі халықтары өзара жақындап келеді. Біздің тілдеріміз де ұқсас. Бұл байланыс күшейе түссе, біз мәдениет пен ғылым саласында ортақ бастамаларды бірге атқара аламыз. Мәселен, неміс халықтары бүгінде бес-алты мемлекет болып, топтасып, неміс тіліндегі ғылыми кеңістікті қалыпстыру арқылы біраз жетістіктерге жетіп отыр. Сол сияқты славян халықтары да бір-бірін аудармасыз түсіне береді. Сондықтан біз де сөз дербестігін сақтап, лексикалық ұқсастықты пайдалана отырып, ортақ бір терминология қорын қалыптастыра аламыз. Түркі жұрты бір-бірін аудармасыз түсінетін жағдайға жетуі қажет», - дейді Ш.Құрманбайұлы.