«1 мамырда су тасқыны тек Мақтаарал ауданында емес, Жетісай ауданында да болды. Топан су алғаш болып «Қоғалы» шекара заставасына жетті. Ал, одан кейін Қоғалы ауылы орналасқан. Судың ауқымы - 600-700 метр болды. Әскери қызметшілер застава мен ауылды су алмау үшін 5 техникамен кештен бастап таңғы сағат 5-ке дейін биіктігі 3 метр, ұзындығы 1030 метр болатын дамба салды», - деді Яков Федоров.
Онымен бір уақытта оқ-дәрілер мен жеке құрамды эвакуациялады. Эвакуациядан кейін ауыл мен заставаның арасындағы көпірді су басып қалды. Төрт шекарашы – застава бастығы, старшина және екі келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметші заставада қалып қойған. Олар дамбаның жағдайын бақылап, застава мен шекараны қорғаған. Су деңгейі тек 5 мамырдан кейін ғана азая бастаған.
«Адамдар су қоршауында қалып қойған «Қоғалы» шекара заставасындағы төрт азаматтың есімін естеріне сақтаса деймін! Су тасқынынан заставаны қорғаған жігіттер мыналар:
Аға лейтенант Ербатыр Шәкенов (1994 ж.) – «Қоғалы» шекара бөлімінің бастығы, ШҚО Марқакөл ауданының тумасы.
Келісімшарт бойынша қызмет ететін сержант Ерлан Маханов (1988 ж.) – шекара заставасының старшинасы, Шымкентте туған.
Қатардағы келісімшарт қызметкері Асқат Ниязбек (1993 ж.) — шекара заставасының жүргізушісі, Мақтаарал ауданында дүниеге келген.
Қатардағы келісімшарт қызметкері Бекжан Нұржау — Жетісай тумасы», - деп жазды Яков Федоров.
Фото: Яков Фёдоров/www.facebook.com