Түркістан облысындағы мақта саласындағы өзекті мәселелер Үкіметке жолданды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысындағы мақта саласындағы өзекті мәселелер Үкіметке жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы – республикада мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір. Бұл салада 25 мыңға жуық агроқұрылым еңбек етеді. Биыл мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 330,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 305 мың тонна немесе 93% жиналды. Шитті мақтаны қабылдау үшін 22 мақта өңдеу зауытының 187 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Зауыттар шитті мақтаны 200-250 теңгеден алдын ала төлем жұмыстарын жүргізуде. Бұл агроқұрылымдардың өзіндік шығынын ақтамай отыр. Сондықтан мақта мәселесіне қатысты біршама жағдайлар өңірде өткен алқалы жиында талқыланып, ұсыныстар Үкіметке ұсынылды.

Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов, Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев, облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан басқосуда мақта зауыттарының басшылары мен диқандар да болды.

«Биыл мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып, салдары осы саладағы агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Бұған мақта саласының шикізат күйінде экспортқа бағытталып, өңірде тоқыма тігін кластерін дамыту тиісті деңгейде қолға алынбауы да себеп болуда. Аталған мәселе жылда қайталанады. Осыған байланысты агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастырған жөн», – деді Дархан Сатыбалды.

Шитті мақта саласы тек шикізат күйінде экспортталатындықтан, мақта бағасы шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді. Осыдан арылу мақсатында және шетелдік трейдерлік компаниялардан тәуелсіз жұмыс істеу үшін өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет. Бұл жөнінде Үкіметтің алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне қарау үшін ұсыныс енгізілетін болады. Осыған орталық атқарушы органдарға бірқатар мәселелерді назарға алып, оң шешілуіне ықпал жасауы сұралды. Өйткені мақта мәселесін тек облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес. Оны кәсіпкерлер де мәлімдеп, саладағы проблемалар бойынша ойларын ашық айтты. Сондай-ақ, елімізде мақта кластерін, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Мақта саласын дамытудың» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау, инвестициялық субсидия арқылы мақта өңдеу зауыттарын, қайта терең өңдеуді, оның ішінде тоқыма, тігін фабрикаларын салу мен кеңейту, құрал-жабдықтарын алу, реконструкциялау жөніндегі жаңа паспортын енгізіп, инвестициялық шығынның 50% өтеу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Жиында мақта бағасын анықтап, мақта зауыттарынан сатып алу мүмкіндіктерін ұсыну жағы да айтылды. Сонымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді қарастыру мәселесі көтерілді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на мақта талшығын экспортаушы кәсіпкерлерге үшін Мақтаарал - Достық станцияларының аралығында қажетті көлемде вагонды мерзімінде бөлу және мақта талшығын тасымалдау шығынын 50% төменгі бағада белгілеу ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігіне мақта талшығын экспорттау көлемін ұлғайту және инвесторларды қолдау мақсатында темір жол, жүк көлігі тарифтерін 50% төмендету мүмкіндіктерін қарастыру, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетіне мақта талшығын импортаушы елдердегі елшіліктермен бірлесіп, мақта кластерін дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесі көтерілді.