«Қала күні қарсаңында өткен бизнес-форумға ел және шетелден келген екі жүзден астам кәсіпкерлер қатысты. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасын айтарлықтай еселейді. Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат та осы. Түркістанда үкімет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау жақсы жолға қойылған. Ал қаладағы жаңадан тұсауы кесілгелі отырған индустриалды аймақта, кәсіпкерлер үшін қаралған жеңілдіктер айтарлықтай», - делінген баспасөз баянында.
Бизнес-форум барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, халықтың әлеуметтік жағдайы мен кәсіпкерліктің көкжиегін барынша кеңейтуді көздейді. Осы мақсатта, қала аумағындағы қазба байлықтар туралы, туризмді дамыту тетіктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі сияқты кәсіпкерліктің барлық саласы жайында баяндамалар жасалып, аталған тақырыптар талқыға түсті.
«Алғаш рет қолға алынған форум соңында арнайы екіжақты меморандумдар түзіліп, кәсіпкерлер индустриалды аймаққа ат басын бұрды. Аймақта кәсіпкерлікті дамыту үшін инфрақұрылымын жүргізу, көлік жолдарын салу, ауыз су мен сарқынды су, телефон, электр желілерін жүргізу жұмыстары аяқталған болса, қазір мұнда темір жол тұйығын тарту шаралары атқарылуда. Оған қоса, үкімет тарапынан көрсетілетін жәрдем де қарастырылған. Тек кәсіпкерлер тың жобасын әзірлеп, тиісті мамандарға ұсынса болғаны», - делінген баспасөз баянында.