Өткен жылы Түркістанға газ құбыры жүргізілген күні қалалықтар мұны мереке ретінде атап өтті.
Бұл шынымен де қуанышты жаңалық еді. Қала тұрғындары үйлерін кешегі күнге дейін пеш арқылы жылытып, газ баллонын қолданып келді. Алайда, қуаныш ұзаққа созылмады. «ҚазТрансГаз» АҚ есебі бойынша, көгілдір отынды үйге тарту үшін 270 мың теңге төлеу қажет. Газ есептеуішінің құны, оған газ қазандығының құнын қос. Кей түркістандықтар төрт жүз мыңға жуық ақша төлеуі керек болған. Олар қалалық әкімдікке, депутаттардың атына шағым түсіріп, жағдайды оңынан шешуді сұрады.
Үмбет Жүсіпов газ компаниясының қызметі бірнеше есеге жоғары екенін дәлелдеді.
«Бәсекелестердің жоқтығын пайдаланып, «ҚазТрансГаз» өз бағасын белгілеген, - деді депутат. - «Мұндай бағаны қайдан алдың?» - деген сұраққа ешкім жауап бере алмады. Осындай жұмыс Төле би ауданында 45 мың теңге, Қазығұртта - 60 мың, Шымкентте - 110 мың теңгеге бағаланған. Бағаның негізсіз екеніне көзі жеткен Түркістан әкімі барлық жұмысты тоқтатты. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Қалаішілік газ желісін салу үшін бір млрд. теңге бөлінді.
Бірінші кезекте газға әлеуметтік нысандар, тұрғын үй қорының бөлігі қосылады. Жұмыс келесі жылы басталады. Екінші кезеңде газ құбырын өткізуге 200 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Жаңа шағын аудандардағы ғимараттар газ коммуникациясын ескеріп салынатын болады.
Уақытша ЖСҚ әзірленді. Үйлерге әзірге газ жіберілмейді. Кейін тариф анықталғаннан кейін кез-келген тілек білдіруші қолайлы ақша төлеп, газға қосылуына болады. Бұл халық қалаулысы шешуге тура келген бір ғана проблема емес. Ауыл аумақтарын және табиғат пайдалануды дамыту комиссиясының мүшесі ретінде ол Түркістан өңірінде суармалы судың жетіспей жатқандығы жайында бірнеше рет мәселе көтерді.
Депутаттың араласуымен Ақтөбе су қоймасынан су ағынын зерттеу жұмыстары жанданды. Оның бастамасы бойынша соңғы екі жылда 106 терең ұңғыма салынды.
«Мен осы қаланың тұрғынымын. Қаланың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмаймын», - деді Үмбет Әбілдаұлы. - Халық маған өздерінің мүдделерін қорғауда сенім білдірді. Әрқайсымыз шын жүрегімізден елдің, облыстың, қаланың, ауылдың, көшенің дамуы үшін, гүлденуі үшін жан беріп жұмыс істесек, бай да бақуатты күн кешеміз».