Түркістанда Тайқазанның елге оралуының 20 жылдығы атап өтілді

ШЫМКЕНТ. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Түркістанда орта ғасырдан бүгінге жеткен танымал өнер туындысы - Тайқазанның елге оралуының 20 жылдығы атап өтілді.

 Қалада  өткен  салтанатты шараларға тарихшылар,     мәдениет қайраткерлері,   жастар өкілдері   шақырылды.  

Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы  маусымның 25-де  (хижр. 801 жыл, 20-шауаль) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған, салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр.

1935 жылы қазанды Санкт-Петербордағы атақты мұражай Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрған  Тайқазан 1989 жылы, қыркүйектің 18-де ғана елге  қайтарылды.

Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз - киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.