Түркия ауруханаларында отаны роботтар жасайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия әлемде ЭКО жасау (жатырдан тыс ұрықтандыру) бойынша бірінші орынды иемденеді.

Бұл бағытта Ыстанбұл қаласында - 3, Анталия шаһарында 3 клиника мен 2 медициналық орталық жұмыс істейді. Мұнда сондай-ақ, оталар роботтардың көмегімен жасалады. Бүгінге дейін жоғарғы технологиямен роботтандырылған 6 мыңнан астам гинекологиялық ота сәтті жүзеге асырылған. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Анталия қаласына тәжірибе алмасу мақсатында барған медицина саласының мамандары мəлімдеді.

Облыстық эндокринология диспансерінің дәрігер-сарапшысы, топ басшысы Қалкөз Қасымбекованың айтуынша, ОҚО əкімі Ж.Түймебаевтің тапсырмасымен Түркияға тəжірибе алмасуға барған 15 медицина қызметкері Анталия қаласында болған. Олар 6 клиниканы аралап көріп, іс-тәжірибе алмасты. Анталиядан 80 шақырым жердегі Испарта қаласындағы ауруханада болды. Тұрғындарға жоғары мамандандырылған көмек көрсететін медициналық құрылымдардың жүйеленген жұмыстарымен танысып, коронароангиографиялық, клиника-диагностикалық, рентген-аритмологиялық зертханалары мен науқастарды қабылдау бөлімдерінің жұмысын көрді.

Тұрақты электрокардиостимуляторлар, кардиовертер-дефибриллятор, СРТ - Д құрылғылары орнатылған кардиология саласында коронография, стенттеу оталары АҚШ тәжірибесімен жүргізіледі. Сол сияқты жекеменшік 120 адамға арналған «OZEL OFM» клиникасында бір айда 30 адамның жүрегіне ота жасалады екен, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Облыстық кардиоорталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Балабаеваның айтуынша, бізде науқастар ауруханаға жатып ем қабылдауды жөн көрсе, түрік ағайындар палатада жатып емделуді қаламайды. Себебі, олар ауырғаннан гөрі оның алдын алуға көбірек бейімделген. Уақытылы медициналық тексерулерден өтіп тұрады.

Анталия қаласындағы «Training Hospital» клиникасы 904 науқасқа арналған. Қажет болған жағдайда кеңейтіледі, 2200 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда 2016 жылы 2,5 миллион науқас ем қабылдаған болса, соның 1,5 миллионға жуығы шетелдіктер болған.

«Түркияда бізде енді-енді қолға алынып жатқан сүйек кемігі науқастарына трансплантациялау оталары көптеп жасалады екен. Трансплантология өте қатты дамыған. Әрбір азаматы - тегін донор. Көлік жүргізуші куәлігін алар кезде олар саналы түрде өздерінің ағзасындағы бір мүшесін донор ретінде беруге келісім береді. Аталған келісім белгісі жүргізуші куәлігінде көрсетіледі. Егер ол жол апатынан қайтыс болса, медицина мамандары шұғыл түрде іске кірісіп, зақымданбаған сау мүшесін қажет ететін науқасқа тегін ауыстырып салады. Донор тапшылығы жоқ», - дейді Қалкөз Бақытқызы.

Ана болуды жоспарлау жүйелі түрде жүзеге асады. Түсік жасауға мемлекеттік деңгейде қатаң тыйым салынған. Әйелдің өміріне қауіп төнетіндей жағдай болмаса, мүлдем рұқсат етілмейді.