Түркия жалған жылжымайтын мүлікке қатысты 451 «алтын» төлқұжатты қайтарып алды

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия азаматтық алу мақсатында жалған жылжымайтын мүлікті сату кесірінен шетелдіктердің жүздеген «алтын төлқұжаттарының» күшін жояды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Түркия билігі инвестициялық бағдарлама арқылы шетелдіктерге берілген 451 паспорттың күшін жойғанын хабарлады. Бұл шешім шетел азаматтарына жалған жылжымайтын мүлік сату арқылы азаматтық алу талаптарын айналып өтуді ұйымдастырған қылмыстық топты жоюға бағытталған ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде қабылданды.

Түркияның құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында 106 күдікті ұсталды. Оларға заңсыз мигранттарды елге кіргізу, қылмыстық жолмен алынған қаражатты жылыстату, алаяқтық және ресми құжаттарды қолдан жасау сияқты бірқатар ауыр қылмыс бойынша айып тағылды.

Операция нәтижесінде 1 240 пәтер, 47 көлік, 65 жер телімі және бірнеше заңды тұлғаның активтері тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, 451 шетел азаматы жалған жылжымайтын мүлік сатып алу схемасына қатысқан, енді олар Түркия азаматтығынан айырылады. Паспорттарды кері қайтару рәсімдері басталып кетті.

Белгілі болғандай, қылмыстық схема келесідей жұмыс істеген: шетел азаматтары Түркия азаматтығын алу үшін қажетті инвестициялық шекке тең соманы (бастапқыда $250 мың, кейін $450 мың) аударатын болған. Алайда «жылжымайтын мүлік сатып алғаннан» кейін сатушы сатып алушыға шамамен $100 мыңды қолма-қол қайтаратын. Осылайша мәміле жалған сипатта болып, шетелдіктер инвестициялық бағдарламаның нақты талаптарын айналып өтіп, азаматтықты заңсыз жолмен алған.

Түркия билігі азаматтық беру саласындағы сыбайлас жемқорлық пен заңбұзушылықтарға қарсы күресті жалғастыратынын және инвестициялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.

Шілде айында Измирде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ірі операцияның нәтижесінде түрік полицейлері 126 адамды ұсталғанын жазған едік.