Hürriyet Daily News басылымының мәліметінше, заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – 2022 жылға дейін жарияланған академиялық рақымшылықтарды пайдаланбаған, бұрын оқудан шығарылған немесе оқуын тоқтатқан студенттердің жоғары оқу орындарына қайта оралуына мүмкіндік беру.
Заң күшіне енгеннен кейін олар өтініш беру үшін төрт ай уақыт алады. Міндетті әскери қызметте жүрген азаматтар үшін бұл мерзім тағы екі айға ұзартылады.
Алайда академиялық рақымшылық терроризм, қасақана кісі өлтіру, жыныстық сипаттағы қылмыстар, есірткі өндіру немесе тарату үшін сотталғандарға, сондай-ақ жалған құжат пайдаланғаны үшін оқуға қабылдануы жойылған тұлғаларға қолданылмайды.
Сонымен қатар заң жобасы оқу бағдарламасының теориялық бөлігін аяқтап, бірақ міндетті өндірістік тәжірибе немесе тағылымдамадан өте алмаған студенттерге диплом алуға мүмкіндік береді.
Құжатта академиялық алаяқтық үшін жауапкершілікті күшейту де қарастырылған. Басқа адамдардың атынан дипломдық немесе диссертациялық жұмыстар жазған оқытушылар жұмыстан шығарылуы мүмкін. Ал үшінші тұлғалардың еңбегі арқылы ғылыми дәреже алған азаматтар ғылыми атақтарынан айырылуы ықтимал.
Заң жобасында шетелдік білім беру бағдарламаларын реттеуге де ерекше назар аударылған. Түркияда шетелдік университеттердің рұқсатсыз білім беру бағдарламаларын ұйымдастырғандарға екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік университеттерге президент жарлығымен шетелде кампустар ашуға рұқсат беру, жаңа оқытушыларды қызметке тағайындау кезінде міндетті қауіпсіздік тексерісін енгізу, зейнетке шыққан профессорлардың келісімшартын 75 жасқа дейін ұзарту және академиялық талаптарға сай келмейтін жекеменшік қор университеттеріне қатысты жабуға дейінгі санкциялар қолданудың құқықтық негізін қалыптастыру көзделген.