Түркиядағы жер сілкінісінде 41 адам қаза болды

АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Түркия өкіметі елдің шығысында болған жер сілкінісі құрбандарының саны бойынша мәліметтерді нақтылады. Қазір қаза болғандардың тізімінде 41 адам бар. Бұған дейінгі ақпараттарда 51 адамның құрбандығы туралы айтылған болатын,

деп хабарлайды РБК агенттігі.

Мәлімдемеде, дүйсенбі күні жарияланған деректердің қате екендігі айтылып отыр. Түріктің NTV және Haberturk телеарналарының ақпараттары бойынша, кейбір жағдайларда қателіктер қаза тапқан бірнеше әйелдің қаралы тізімге қыз кезіндегі тектерімен де, күйеуінің тегімен де енгізілуімен байланысты болып шыққан.

Күші 6,0 балдық жер сілкінісі дүйсенбі күні Анкарадан 550 шақырымдай жердегі жергілікті уақыт бойынша 04.32-де (мәскеу уақыты бойынша 05.32) орын алған болатын. Жерасты дүмпуінің салдарынан ондаған үйлер қирап, көптеген нысандардың қабырғаларында жарықтар пайда болған. Апат болған аймақтарды бүгін, бейсенбі күні ел премьері Реджеп Ердоған аралайды деп күтілуде.