Түркияның Астанадағы елшілігінің хабарлауынша, қазақстандық кәсіпкерлердің бірінің қорынан қайырымдылық шотына 5 млн доллар сомасы түскен.
«Жер сілкінісі кезінде зардап шеккендер үшін 5 миллион доллар аударған қорға алғысымызды білдіреміз. Осылайша, Қазақстанда AFAD-қа аударылған жалпы сома 10 млн долларға жуықтады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл).
Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 44,2 мыңнан асты.
Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда табиғи апат құрбандары үшін жалпыұлттық аза тұту туралы жариялады.