Түркияның Қорғаныс министрлігі Грузиядағы ұшақ апатынан 20 әскери қызметшінің қаза тапқанын растады

Фото: oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Грузияда C-130 әскери-көлік ұшағы апатынан 20 әскери қызметшінің қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform

Министрлік қаза тапқандардың тізімін Х әлеуметтік желісінде жариялады.

— 11 қарашада Грузия-Әзербайжан шекарасында С-130 әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан оның бортында болған 20 әскери қызметшіміз қаза тапты. Таңғы сағат 6:30–да Грузия билігімен үйлестіре отырып, біздің ұшақ апатқа ұшыраған жерде іздеу-құтқару жұмыстары және тергеу амалдары басталды, — делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетсек, 11 қарашада Түркияның C-130 ұшағы Гянджа қаласының әуежайынан ұшып шығып, Грузияның Сигнаги муниципалитеті аумағында құлаған.  Ұшақ Грузия шекарасынан өткеннен кейін бірнеше минуттан соң, шекарадан шамамен 5 шақырым жерде радарлардан жоғалып кеткен. Грузияның әуе навигациясы қызметінің мәліметінше, ұшақ апат алдында дабыл белгісін бермеген.

Кейін Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшыраған түркиялық әскери-көлік ұшағының қалдықтары табылғаны хабарланды