Түркияның Орталық банкі мөлшерлемені 50% деңгейінде қалдырды

АСТАНА.KAZINFORM - Түркия Республикасы Орталық банкінің ақша-несие саясаты комитетінің соңғы отырысында негізгі пайыздық мөлшерлемені – апталық репо мөлшерлемесін 50 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Мұндай шешім елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру және инфляциялық тәуекелдерді ұстау ниетімен байланысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu ajansı

Түркиядағы инфляция негізгі экономикалық проблемалардың бірі болып қала береді. Соңғы жылдары ел экономикасы валюта бағамының ауытқуы, энергия мен азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ әлемдік экономикадағы жаһандық сын-қатерлерден туындаған елеулі қысымды бастан кешірді. Өткен кезеңдердегі пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне қарамастан, инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың сатып алу қабілетіне қауіп төндіреді.

Елдің Орталық банкі мөлшерлемені 50% деңгейінде қалдыра отырып, бизнес пен банк секторы үшін қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін тарифтерді одан әрі арттырмай, инфляцияны бақылауда ұстауға тырысады. Жоғары мөлшерлеме несиелердің қолжетімділігіне әсер етеді және үй шаруашылықтары мен бизнес үшін қарыз алу құнын арттырады, бұл олардың экономикалық белсенділігін шектейді.

Экономистер мен сарапшылар Түркияның Орталық банкінің алдағы саясатына байланысты көзқарасымен келісе бермейді. Кейбірі инфляциялық қысым сақталатын болса, қосымша шаралар, соның ішінде пайыздық мөлшерлемелерді түзету қажет болуы мүмкін деп болжайды.

Дегенмен, қазіргі мөлшерлеме деңгейі қысқа мерзімді перспективада экономикалық өсуді тежеу әсерін тигізсе де, түрік билігінің инфляциямен күресудегі табандылығын көрсетеді.

Бұған дейін Қытай Халық банкі (PBOC, Орталық банк) бастапқы көлемі 500 миллиард юань болатын бағалы қағаздар, қорлар мен сақтандыру компаниялары үшін своп механизмін құру туралы шешім қабылдағаны хабарлаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда банктер туралы жаңа заң 2025 жылдың маусым айында қабылданады. Сондай-ақ елде зейнетақы активтерін банк облигацияларына инвестициялау тетігі енгізілуі мүмкін. Банктердің бизнесті несиелеу рәсімдері цифрландырылатын болады.