«Түркияны не түлен түртті?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше еліміз Парламентінде «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» атты тақырыпта маңызды мәселелер қаралды. Парламенттік тыңдау деңгейінде өткізілген бұл мәселені талқылауға екі палатаның да депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің жауапты қызметкерлері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аграршы ғалымдар, саланың білікті мамандары, шетелдік сарапшылар қатысты. Осы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Ата кәсіптің абыройы қайтсе артады?» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, парламенттік тыңдауда мал шаруашылығы саласында жүріп жатқан өзгерістер, мұндағы өзекті мәселелер мен перспективаларға қатысты негізгі баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жасады. Оның айтуынша, Қазақстан қазіргі күні құс етінен басқа ет түрлерімен өзін толық қамтамасыз етіп отыр. Тек өткен жылдың өзінде ғана сиыр етін өндіру көрсеткіші 373,5 мың тоннаны, қой етін өндіру 153,8 мың тоннаны, шошқа етін өндіру 192,7 мың тоннаны, жылқы етін өндіру 85,1 мың тоннаны, құс етін өндіру 123,1 мың тоннаны, сүт өндіру 4 миллион 851,6 мың тоннаны құрады. Сөйтіп, 2012 жылдың қорытындысында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші 1 триллион теңгеден асып түсті. Және елімізде алғаш рет өсімдік шаруашылығына қарағанда көбірек өнім өндірілді.

***

«Кеше, қасиетті жұма күні «Астана Опера» өз тарихындағы бірінші театрлық маусымын ашты. Оған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты», - деп жазады «Айқын» газеті «Астана Опера» әлемдегі алып театрдың қатарына енбек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Астанада осындай тамаша театрды тұрғызудағы мақсат - «опера мен балет сияқты элиталы өнерді қазақстандықтардың рухани өмірінің бір бөлігіне айналдыру, ел тұрғындарында музыкалық талғам мен жоғарғы эстетикалық қажеттіліктер қалыптастыру, отандық өнерді әлемдік мәдени үдеріске табысты кіріктіру» екендігін атап өтті. «Астана Опера» әлемдегі алып театрлардың қатарына кірмек. Салыстыру үшін: ХХІ ғасырда бүкіл Еуропада жаңадан қолданысқа берілген екі театрдың бірі - Копенгаген театрының ауданы 41 мың шаршы метрді құрайды. Ал қазақ елінің бас қаласындағы жаңа опера және балет театры ғимаратының ауданы 64 мың шаршы метрді алып жатыр!

Осы басылымның жазуынша, Түркияның дүрлігіп жатқанына жиырма күннен асты. Әзірге тоқтала қоятын сиқы жоқ. Даудың басы кішкентай ғана саябақ - Гезиден басталғанымен, өзегінде өзге дүние жатыр. Мұны бірнеше факторға бөліп қарауға болатын сияқты. «Бірінші, мұнда тұрып жатқан ұлттардың ала-құлалығы. Жетпіс үш мил­лионға жуық халықтың барлығы таза түрік еместігі. 2000-2002 жылы Батыс елдері жүргізген сауалнамаға жергілікті жұрттың 36 пайызы ғана «этникалық түрікпіз» (дегенмен, ресми билік елдегі тұрғындардың 82 пайызы түрік дегенді келтіреді) деп жауап берген. Қалғаны... Мұны да дүмпуге әсер ететін фактордың бірі ретінде қарауға болады. Екіншісі, мемлекеттік басқарылым қандай болуы (зайырлы немесе исламды ту еткен) керек деген дау. Үшіншісі - күрт мәселесі. Күрттер Шығыс Анадолыдан автономия құруды қалайды. Әрине, бүгінде саны 20 миллионға жетіп отырған күрттер аса ірі күш. Төртіншісі - армян мәселесі. Ал бұлардың бәрінің көңілін табу қазіргі билікке оңай емес. Бұған кеңес елі құлаған соң АҚШ-тың Түр­кияға көзқарасы да сәл өзгергенін қосуға болады», - деп жазады басылым. Мақала «Түркияны не түлен түртті?» деген тақырыппен берілген.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамадан хат келді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуына қарағанда, өз хатында Б.Обама Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуына қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың оң бағасына қосылатынын атап өткен.

«АҚШ пен Қазақстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы үнқатысу қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеруде ортақ көзқарас пен ұстанымның дәлелі болып табылады. Мен Қазақстанға Ау­ғанстандағы жағдайды тұрақтандыру ісіндегі берік ұстанымы үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің елдеріңіздің көмегі ауғандықтар өмірін жақсартуға және осы елдегі қауіпсіздікті ны­ғай­ту жөніндегі халықаралық күш­тер­дің тиімділігіне оң ықпал етеді», - делінген хатта.