- Қуаныш Ғабидоллаұлы, сіз де сол жиында болып қайттыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл кеңесті құруға не себеп болды? Кеңестің мақсаты мен міндеті туралы толығырақ айтып берсеңіз?
- Бұл кеңестің құрылуы қазақ мәдениетінде ғана емес, түркі халықтарының мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Осыдан біраз жыл бұрын, 1993 жылы Алматы қаласында түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлерінің ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы құрылған болатын. Ұйым құрылғаннан бері түркі халықтары мәдениетінің дамуына, ықпалдасу мен танытылу бағытында көптеген көлемді шараларды іске асырып келеді. Соңғы екі жылдан бері Қазақстан Республикасы ТҮРКСОЙ-ға төрағалық етіп келеді. Оның бүгінгі басшысы еліміздің белгілі мәдениет қайраткері Дүйсен Қасейінов. Содан бері түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлері жылына екі-үш рет жиналып, концерттер, көрмелер, әр түрлі фестивальдер ұйымдастыру жөнінде жоспарлар құрады. Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде, мысалға айтайын, Түркияда алты опера және балет театры ашылды. Сол елде дүниежүзілік, халықаралық, еуропалық, ресейлік опера және балет театрлардың қатысуымен әр түрлі фестивальдер өткізіліп тұратын болды. Біздің театр 2001 жылы Анталия қаласында өткен "Аспандас" деп аталатын фестивалге қатысып, түрік жұртын, сол елге келген қонақтарды өнерімізбен таңғалдырған болатынбыз. Олар "Бізде осындай театр бар екен, француз композиторының "Кармэн"операсын француз тілінде айтады екен" деп таң қалды. Содан бері он жеті жыл өтті. Біз, Қырғызстан елінің опера және балет театрларының директорлары ТҮРКСОЙ басшысы Дүйсен Қасейіновке "түркітілдес мемлекет театрларының басын қосып, бір кеңес ашсаңыз" деген ұсыныс білдірдік. Бұл біз үшін ғана емес, барлық түркітілдес опера және балет театрларының әр түрлі шараларды, концерттерді ұйымдастыруына жеңіл болар еді дедік. Сол ұсынысымыздан кейін, осы жылдың қаңтар айының басында Түркия астанасы Анкара қаласында ТҮРКСОЙ мүшелігіндегі 14 театрдың басшылары бас қосты. Бізді Түрік елінің Мәдениет министрі қабылдады. Біз де министрге пікірлерімізді айттық. Ол кісі де, ТҮРКСОЙ басшылығы да ұсынысымызды қолдады, содан міне, директорлар Кеңесін аштық. Кеңестің мақсаты - түркі тілдес елдер опера және балет театрларындағы ортақ мәселелерді шеше отырып, ортақ істердің болашақтағы бағыт-бағдарын айқындап, жоспар құру, жаңа тың жобалар енгізу болып табылады. Келісімшартқа ТҮРКСОЙ мүшелігіндегі 14 ел: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Түркия секілді алты елмен қатар, Ресей Федерациясынан Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыба, Хакасия, Саха-Якутия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, сондай-ақ Молдованың құрамында жатқан Гагауыз Йері елдерінің директорлары қол қойды. Директорлар Кеңесінің төрағасы болып Түрік еліндегі алты опера және балет театрларының Бас директоры болып табылатын Ренгим Гекмен деген азамат бір жылға сайланды. Жылына бір-екі рет басымызды қосатын болдық.
- Сонда төраға жыл сайын ауысып отырады ма?
- Иә, Директорлар кеңесінің төрағасы бір жылғы ғана сайланып, ауысып отырады. Жиын ұйым мүшелігіндегі әр елде жыл сайын кезекпен өтеді. Кеңес шарты бойынша жиын қай елде өтсе, сол елдің театр басшысы төраға болады. Келесі Кеңес Қазақстанда өтеді. Біздің елде, өздеріңіз білесіздер, екі опера театры бар. Осы театрлардың бір басшысы Кеңес төрағасы болып сайланады.
- Жиында қандай мәселелер талқыланды?
- Осы бірінші Кеңес барысында неге біздің қазақ опералары тек біздің елде жүреді, неге басқа елдерге көрсетпеске деген ұсыныстар айтылды. Басқа театр басшылары да бұл идеяны қолдап, енді көпжақты мәдени алмасу аясында біздің опералық қойылымдарды басқа елде, осы ұйым мүшелігіндегі елдердің қойылымын біздің елде көрсету мүмкіндіктері қаралды. Біз осы жағынан келгенде, Еркеғали Рахмадиевтің "Алпамыс" операсын қай елдің репертуарына қоссақ деп ойлап жатырмыз. Әзірге Әзірбайжан театрының репертуарына енгізу қарастырылуда. Олар ұсынысымызды қабыл алды. Қазір ол операны Әзірбайжанда кім қояды, қандай мамандарды жібереміз, қашан көрсетеміз дегендей мәселелер шешілуде. Алғашқы қойылым екі елдің әртістерінің ойнауымен көрсетіледі. Ал одан кейін ол опера әзірбайжан репертуарында жүріп тұратын болады, яғни сол елде қалады деген сөз. Біздегі орыс, италия опералары сияқты. Ондағы мақсат - ұлттық мәдениетті насихаттау, екіншіден - әртістеріміз бен бишілеріміз алмасып отыруына, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасау. Шет елде, Ресейде де мұндай тәжірибе қалыптасқан. Олардың әншілері бірде Лондонда айтып жатса, бірде Парижде сахнада жүреді. Біздің әншілеріміз де кем емес олардан. Бүгінде әлемге танымал болған әншілеріміз баршылық. Мысалға Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева сынды әншілеріміз бар. Қаншама жаңадан келіп жатқан талантты жас әншілеріміз бен әртістеріміз бар, олардың барлығы ешкімнен кем емес. Бізде Еуропа елдеріндегідей жарнамалау жұмыстары жоқ. Біз биыл бірнеше шараларға қатысамыз. Кеңесте осы шаралары өткізу жағы қаралды. Көпшілігі білетін шығар, биыл Ыстамбұл Еуропаның мәдениет орталығы болды. Осы оқиғаның құрметіне үлкен тұсаукесер рәсімі болып өтті. Жыл сайын ол елде дүниежүзінің, Еуропаның белді деген симфониялық оркестрлері, әншілері мен бишілерінің қатысуымен әр түрлі шаралар өтеді. Біз де енді ол шараларға қатысатын боламыз. Өткен жылы, өздеріңіз білесіздер, Бішкек, Алматы тағы да басқа қалаларда Әзірбайжан композиторының "Кероғлы" операсы қойылды. Бұл опера түркітілдес елдерге ортақ опера болып табылады. Оған да біздің әртістер қатысты. Бұл жобаны барлығы жақсы қабылдады. Жыл сайын Түрік елінің бірнеше қалаларында түркітілдес мемлекеттердің опера күндері болады. Былтыр біздің "Қыз Жібек" жырының 500 жылдығына арнап, сол елдің үш-төрт қаласында осы жырдың опералық қойылымын көрсеттік. Түркітілдес мемлекеттердің опера күндеріне биыл тағы да қатысамыз. Ал маусым айында құдай қаласа, түркітілдес елдердің опера күндерін өткіземіз. Міне, жиында осы шараларды өткізуді талқыладық.
- Біздің театрда бүгінгі күні қандай мәселелер бар және ол проблемалар жиында қаралды ма?
- Бізде бүгінгі күні опера режиссерлері жоқ. Мүлде жоқ дей алмаймын, бар, бірақ бәрі жастар. Шебер, кәсіпқой режиссерлер жоқ. Біз осындай мәселелерді Анкарада өткен жиын барысында көтердік. Балетмейстерлерімізбен алмасып отырсақ деген ұсыныс көтерілді. Әншілерімізбен алмасу жағы да қаралды. Бұның бәрі биылғы жылдан бастап іске асады. Бұл мәселелер шешімін табады деп ойлаймын.
-Репертуар алмасу жағы қаралады дедіңіз, біздің опера және балет театрында қай елдің туындысы қойылмақ?
- Біздің театрда түрік композиторы Ахмед Аднан Сайгунның "Керем" операсы қойылатын болады.
- Қандай да бір құжаттарға қол қойылды ма?
- Жиын барысында қызмет қағидасына байланысты келісімшартқа 14 елдің театр басшылары қол қойды. Онда биылғы жылы іске асу керек жоспарлар мен бағыт-бағдарлар айқындалған. Жауапкершілік Директорлар Кеңесі Үйлестірушісінің ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшылығына жүктелді.
- Отандық опера және балет театрының әртістері биыл тағы қандай байқауларға қатыспақ?
- Биылғы жылы біздің әртістер Халықаралық Ыстамбұл балет байқауына қатысады. Ол байқау жылына бір рет өтеді. Бұл байқауға осы өткен Кеңесте ТҮРКСОЙ түрік әлеміндегі балет өнерін қолдау мақсатында 3000 еуро көлемінде арнайы сыйлық тағайындады. Ол сыйлық Халықаралық Ыстамбұл балет байқауының жеңімпазына берілетін болады. Қазір біз солбайқауға екі бишімізді дайындап жатырмыз. Бұдан басқа біз, Измир қаласында өтетін "Измирлік вокалистер байқауына" қатысамыз. Ол байқауға да әншілерімізді дайындап жатырмыз. Бұл байқау "ТҮРКСОЙ Халықаралық вокалистер байқауы" деп өзгертілді сол жиын барысында. Мамыр айында құжаттар келеді, біз содан кейін өз ұсынысымызды, қатысушыларымыздың аты-жөнін жазып жібереміз. Байқау күзге қарай өтеді.
- Сіздің пікіріңізше, бұл жаңа кеңес түбі бір түркі жұртының рухани байланыстарының одан әрі беки түсуіне ықпал ете ме?
- Әрине. Бұл кеңес түбі бір түркі жұртының рухани байланыстарының одан әрі беки түсуіне,сонымен қатар, біздің елдің ғана емес, барлық түркітілдес елдердің опера және балет театрларының одан әрі дами түсуіне зор ықпал етеді деп ойлаймын. Жанымыздағы қырғыз елінің театрымен соңғы 10 жылда қарым-қатынас болған жоқ. Олар өздерімен өздері, біз өзімізбен өзіміз болған едік. Қазір міне, осы Кеңестің арқасында қарым-қатынасымыз жақсарды. Әзірбайжан елімен де жақсы байланыс орнады. Маусым айында біздің елде "Халықаралық опера және балет байқауы" өтеді. Ол елдің әртістері мен бишілері келеді деп жоспарлануда.
- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!