Түркістан облысында мотоцикл қағып көз жұмған қыздың ісі неге қысқартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Борлысай ауыл округінде 2025 жылдың наурыз айында мектептің 1-сынып оқушысы жол апатынан қаза тапқан еді.
Мотоциклды тізгіндеген дәл сол мектептің 11-сынып оқушысы. Оқиға мектеп жанында, сабақ уақытында болған.
Түркістан облысы білім басқармасының мәліметінше, оқиға орны мен мектеп қызметіне тексеру жүргізіліп, білім беру ұйымының жауапты қызметкерлеріне тәртіптік шара қолданылған.
Қайтыс болған оқушының отбасына қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетілген.
— Борлысай жалпы орта мектебінің білім, тәрбие саласын зерделеу жұмысының қорытындысы бойынша өзіне тиісті функционалдық міндеттеріне салғырт қарағаны үшін мектеп директорына сөгіс, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына ескерту берілді. Әлеуметтік педагогке қатаң сөгіс, сынып жетекшісіне сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылды, — делінген облыстық білім басқармасының бізге берген жауабында.
Аталған оқиғаға қатысты Түркістан облысы полиция департаменті ресми түсінік берді.
— Бәйдібек ауданында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні мотоцикл жүргізушісінің қағып кету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тексеру барысында мотоцикл жүргізушісінің жаяу жүргіншіні қағып кетпеуге техникалық мүмкіншілігі болмағаны анықталды. Себебі оқиға орны — жаяу жүргіншілер өткелі емес. Қазіргі уақытта ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды, — делінген облыстық ПД ұсынған ресми ақпаратта.
Сонымен қатар көлік құралының иесі Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің бірнеше бабымен жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бұрын Түркістанда 9-сынып оқушысын сыныптасы ұрып өлтіргенін жазған едік.