Түркістан облысында «Найман» каналын бетондау жұмыстары аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы Ордабасы ауданындағы «Найман» каналын бетондау жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Жоба аясында «Найман» каналында ұзындығы 17,6 км, «Қара ой» каналында 5,8 км және Р-1 каналында 1,7 км болатын учаскелер бетонмен қапталды. Жыл соңына дейін канал бойындағы көпірлер мен су құбырлары құрылысын аяқтау жоспарланған.
Бұл нысан Ордабасы ауданындағы 2000 гектар суармалы жерді, сондай-ақ аудан орталығы мен Қажымұқан ауылының жеке қосалқы шаруашылық учаскелерін сумен қамтамасыз етеді. «Найман» каналын реконструкциялау жобасы суармалы сумен қамтамасыз етілетін аумақты ұлғайтып, тасымалдау кезінде су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
– Реконструкцияға дейін бұл нысан жер арық каналы болатын, кей жерлері қамыс басып кеткен еді. Бетондау жұмыстарының нәтижесінде вегетация кезеңінде «Найман» каналы арқылы су көптен бері бармаған алқаптарға дейін жетті, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Бұған дейін Атыраудағы Зарослый және Гогольский каналдарын тереңдету қашан аяқталатынын жазған болатынбыз.
Қызылорда облысында жаңадан су қоймасы мен каналдар салынады.