Түркістан облысындағы 12 адамның қазасы: Үкіметтік комиссия құрылды

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM — Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылданатын болады. Комиссияның жұмысы ерекше бақылауда, — делінген ресми ақпаратта.

Еске салсақ, Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтып, Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өрт шыққан үйде екі отбасы, ата-аналары мен балалары тұрғанын хабарлады.