Түркістан облысындағы өрт: аман қалған науқастар Астанаға жеткізілуі мүмкін

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысы Алғабас ауылындағы өрттен кейін медициналық мекемелерге жеткізілген үш адам кейіннен ем-домын Шымкентте немесе Астанада жалғастыратынын айтты.

- Ауруханаға жеткізілгендердің жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Қыз бала мен әйел жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Ал ер адам өз күшімен тыныс алуға қауқарлы. Олардың барлығы шок алған және 11-12 пайыздан 30 пайызға дейін әртүрлі дәрежеде күйік шалған», - деді Т. Сұлтанғазиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп, аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

- Санитарлық авиациямен бес маман жіберілді. Олар қазір сол жерде ем-домға көмектесіп жатыр. Барлық дәрі-дәрмек жеткілікті. Ендігі басты мақсат – олардың жағдайын тұрақтандыру, - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, өрттен зардап шеккен үш науқасты Шымкентке немесе Астанадағы республикалық клиникаға жеткізу қарастырылып жатыр.

Кеше таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты.