Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қандай қауіп төніп тұр?
Сапар ең алдымен туристердің басым бөлігі міндетті түрде баратын орын — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталды. Әлемге әйгілі тарихи-мәдени ескерткіш Орталық Азиядағы теңдесі жоқ сәулет өнерінің жауһары саналады.
Тарихқа көз жүгіртсек, кесене құрылысы 1389 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен басталған. Алайда құрылыс бірнеше рет тоқтап, 1405 жылы Әмір Темірдің қайтыс болуына байланысты толық аяқталмай қалған. Соған қарамастан, ғасырлар бойы сақталған алып кешен бүгінге дейін тарихи келбетін жоғалтпаған. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген нысанның ені — 46,5 метр, ұзындығы — 65 метр, ал биіктігі — 41 метр. Ғимаратта түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме орналасқан.
Ғылыми зерттеу жұмыстарына байланысты қазандық бөлмесіндегі күмбезден су ағып, ол 2023 жылдың шілде айында жабылған. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта туристер нысанға қайта кіре алады.
Өткен жылы кесенеге 710 мың адам келсе, оның 30 мыңы шетелдік туристер болған. Келушілердің басым бөлігі ең алдымен түркі әлемінің ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауиге зиярат етіп, кейін әйгілі Тайқазанды тамашалайды. 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жердегі Қарнақ ауылында жеті түрлі металдан құйылған Тайқазан — бүгінде кешеннің ең құнды жәдігерлерінің бірі.
— Туристерді кесененің құрылысы қызықтырады. Әмір Темір тұрғызған кесенелердің ішінде бұл нысанның 85 пайызы түпнұсқа күйінде сақталған. Мұнда Орталық Азиядағы ең үлкен кірпіш күмбез орналасқан. Есім ханнан бастап 22 хан, 8 сұлтан, 22 би және 70-ке жуық батыр жерленген. 2015 жылдан бастап келушілер ақылы кіреді. Жергілікті халық үшін билет құны — 1000 теңге, шетелдіктер үшін — 2000 теңге, — деді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорығының экскурсия жетекшісі Берікбай Әбдірәсілов.
Кесене аумағында туристерге қолайлы жағдай жасалғанымен, келушілер санының артуы кейбір инфрақұрылымдық мәселелерді айқындап отыр. Әсіресе бағыттаушы белгілердің аздығы, гидтердің жетіспеуі және билет алу кезіндегі кезек туристер тарапынан жиі сыналады.
— Кесене маңында ағылшын тіліндегі ақпараттар көбірек болса жақсы болар еді. Бағыт көрсеткіштерін көбейту керек. Адамдар қайда барарын білмей жатады. Кіреберісте гид табуды да жеңілдеткен жөн, — дейді шетелдік туристер.
Кесенені сақтау мәселесі тұрақты бақылауда. Мамандардың айтуынша, тарихи нысан үшін басты қауіптердің бірі — ылғалдылық.
— Кесенеге 600 жылдан астам уақыт өтті. Кез келген құрылыс уақыт өте тозады. ЮНЕСКО талаптарына сәйкес, әр 3-4 жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Негізгі қауіп — ылғалдылық. 2020 жылы айналасына егілген көгалдардың бір бөлігі алынып тасталды. Қазір топырақтың ылғалдылығы қалыпқа келіп жатыр, — дейді «Қазқайтажаңғырту» РМК директор кеңесшісі Қанат Тұяқбаев.
Заманауи Түркістанның символы
Тарихи нысанды аралағаннан кейін бағдарламаның түсіру тобы Түркістанның жаңа туристік брендіне айналған Керуен Сарай кешеніне барды.
2021 жылы ашылған нысан — Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін туристік лайфстайл орталық. Өткен жылы мұнда шамамен 3 миллион адам келген.
Кешен аумағында екі заманауи қонақүй, 20-дан астам аттракцион, VR аймақтар, ойын-сауық орындары мен концерт алаңдары орналасқан.
— Келушілер саны 5 миллионнан асты. Кешен жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда 1500 адамға арналған концерт залы бар. Жаз мезгілінде қайықпен серуендеу ұйымдастырылады. Жасанды каналымызды халық «қазақстандық Венеция» деп атап кеткен, — дейді Karavansaray Turkistan өкілі Тимур Төлегенов.
Қайықпен серуендеу құны ересектер үшін — 4700, балалар үшін — 2600 теңге. Канал бойымен жүріп, кешенді толық аралап шығуға болады.
Керуен Сарайдың тағы бір ерекше нысаны — ұшатын «Алтын Самұрық» театры. Орталық Азияда баламасы жоқ аттракцион келушілерге Қазақстанның көрікті жерлеріне виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік береді.
Кешкі уақытта кешен аумағында сақ патшайымы — Томирис туралы театрландырылған шоу қойылады.
— Түркістанға екінші рет келіп тұрмын. Бұл жолы оқушыларымнан құралған би ансамблін ертіп келдім. Балаларға бәрі ұнады. Әсіресе ұшатын театр мен қайықпен серуендеу ерекше әсер қалдырды, — дейді Қырғызстаннан келген турист.
Арыстан баб: ғасырлар бойы үзілмеген зиярат жолы
Өңірдегі ең танымал киелі орындардың бірі — Арыстан баб кесенесі.
Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы саналған әулиенің қабірі орналасқан нысанның мұсылман қауымы үшін орны бөлек.
— Кесене XII ғасырда өмір сүрген Арыстан бабтың мазарының үстіне салынған. Алғашқы құрылысы XIV–XV ғасырларға жатады. Кейін бірнеше рет қайта жөнделіп, қазіргі келбетіне ие болды. Бүгінде Орталық Азиядағы ең қасиетті орындардың бірі саналады. Өткен жылы мұнда 200 мыңға жуық адам келсе, биылғы төрт айдың өзінде 100 мың турист зиярат етті, — дейді экскурсия жетекшісі Маржан Дулат.
Кесенеге келушілердің арасында шетелдік туристер көп. Солардың бірі — Түркиядан келген Арыф Йылмаз.
Оның айтуынша, Түркістан түркі халықтары үшін ерекше маңызға ие.
— Еуропада тұратын мұсылман бауырларымызды осы тарихи мекенге жиі алып келеміз. Бұл — біздің ата жұртымыз. Ислам әлемінде Арыстан бабқа ерекше құрмет көрсетіледі. Осы жолы 92 адам болып келдік. Алты аптадан кейін тағы сондай топпен ораламыз. Соңғы бес жылда Түркістанның қатты өзгеріп, көркейгенін байқадық, — дейді ол.
Алайда қасиетті орында шешімін күткен мәселелер де бар. Бағдарлама түсірілімі кезінде кей аумақта шөп шабу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және вандализм белгілері кездесетінін байқадық.
Отырардың туристік әлеуеті толық пайдаланылмаған
Түркістаннан 57 шақырым жерде орналасқан Отырар қалашығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлерінің қатарына кіреді. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени әрі сауда орталығы болған көне шаһар бүгінде ашық аспан астындағы музейге айналып келеді.
— Монша қаланың сыртында орналасқан. Керуендер алыс сапардан келгенде алдымен осында шомылып, содан кейін қалаға кірген, — дейді экскурсия жетекшісі Бағлан Пердебайұлы.
Мамандардың пікірінше, Отырардың туристік әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған.
— Бұл жердің ашық аспан астындағы музейге айналуына барлық мүмкіндік бар. Туризмді дамыту үшін сол дәуірдің атмосферасын сезіндіруге бар күшті салу керек. Алдымен төбесін жабу қажет, — дейді ғалым Досай Кенжетай.
Бағдарлама барысында тағы бір кемшілік анықталды.
— Судың қысымы жетпейді. Сондықтан ақпай тұр. Бірақ жазғы маусым алдында қосымша насос орнату жоспарланған. Келушілерге ішетін су болады, — дейді «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқай.
Тарихи орынның тағы бір түйткілі — туристердің мәдениеті. Кей келушілердің қоқысты арнайы орындарға тастамайтыны байқалды.
Медициналық туризм
Бағдарлама тобының келесі бағыты — Сарыағаш өңірі болды. Қазіргі таңда Көктерек ауылдық округінде 66 шипажай жұмыс істейді. Солардың бірі — мемлекет меншігіндегі «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені.
Мұнда жыл сайын шамамен 180 мың адам ем қабылдайтынын білдік.
— 2011 жылдан бері осы шипажайға келіп емделемін. Барлығы ұнайды. Әсіресе, минералды судың емдік қасиеті жоғары, — дейді Астанадан келген демалушы.
Мамандардың айтуынша, минералды судың құрамында гидрокарбонаттар мен түрлі микроэлементтер мол.
— Бір литр минералды суда шамамен 400 миллиграмм гидрокарбонаттар бар. Сонымен қатар кальций, мырыш, молибден және сирек кездесетін ванадий элементі кездеседі, — дейді шипажайдың бас дәрігері Маржан Жамирова.
Шипажайда бүгінде 727 адамды қабылдайтын сегіз корпус жұмыс істейді. Дегенмен кей ғимараттар жөндеуге сұранып тұр.
— 2023 жылы төртінші корпус жаңартылды. Биыл алтыншы корпустың жөндеуін аяқтадық. Мемлекеттік қаржы бөлінбейтіндіктен, жылына бір ғана корпусқа жөндеу жүргіземіз, — дейді шипажайдың бас директоры Алтынбек Әбдікеров.
Сайрам-Өгем: табиғаттың көркі мен тазалық мәселесі
Түркістан облысындағы көрікті туристік бағыттардың бірі — Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 2006 жылы құрылған парк аумағы 150 мың гектарға жуық жерді алып жатыр. Мұнда өсімдіктердің 1635, сүтқоректілердің 59 және құстардың 280 түрі мекендейді.
Қасқасу шатқалындағы табиғат көрінісі көз сүйсіндіргенімен, кей аумақтағы шашылған қоқыс экологиялық мәдениеттің әлі де өзекті мәселе екенін көрсетті.
— Кейбір туристердің экомәдениеті төмен. Барлық қоқысты жинап шығуға мәжбүр боламыз, — дейді ұлттық парк қызметкері Шыналы Оспанов.
Парк аумағында заманауи дәретхана орнатылып, демалыс орындары мен глэмпинг жобалары қолға алынған.
— Енді монша салынса жақсы болар еді. Табиғаты керемет. Бірақ байланыс нашар ұстайды, — дейді шетелдік туристер.
Туризмді дамытуға бағытталған жоспарлар
Бағдарлама қорытындысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірдегі туризм саласының қазіргі ахуалы мен болашақ жоспарлары туралы айтты.
— Облысқа жыл сайын миллионнан астам турист келеді. Өткен жылмен салыстырғанда келушілер саны 14 пайызға артты. Қазір өңірде 46 ресми тіркелген гид жұмыс істейді. Олардың қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде, — деді ол.
Сондай-ақ Арыстан баб пен Отырар бағыттарына апаратын жолдарды жаңарту жоспарда.
— Қазіргі уақытта төрт бағыт бойынша жалпы ұзындығы 62 шақырым болатын жол салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға инвесторлар тартылды, — деді әкімнің орынбасары.
Сарапшылардың бағасы
Бағдарламаның дәстүрі бойынша сарапшылар Түркістанның туристік әлеуетін бес негізгі критерий бойынша бағалады.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов туристік мәдениетті арттыру қажет екенін айтты.
— Түркістан — ел туризмінің тірегі. Шетелдік туристердің санын көбейту үшін қасиетті нысандардағы навигация жүйесін күшейту қажет, — деді ол.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Әбділдә Мейірбеков жалпы тазалық деңгейін жоғары бағалады.
— Қала ішіндегі тазалық жақсы. Бірақ Сайрам-Өгемдегі қоқыс мәселесі көңілге қаяу түсіреді. Экомәдениетті қалыптастыруға көбірек көңіл бөлу қажет, — деді сарапшы.
Ал Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ішкі талдау басқармасының басшысы Нариман Әлдібеков инвестициялық жобаларды көбейтудің маңызын атап өтті.
— Түркістанда оң өзгерістер байқалады. Инвесторлармен жұмыс күшейсе, бүгін көтерілген мәселелер де кезең-кезеңімен шешіледі, — деді ол.
Осылайша, қасиетті мекен мен заманауи туристік орталықтарды қатар дамытып отырған Түркістан бағдарламаның қорытынды бағалауында 26 балл жинады.