Түркістанда Өзбекстанмен бірлесіп ашылған кооперация 185 млрд теңге инвестиция тартады

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Жаңа орталық жұмысы туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров айтып берді.

Фото: ОКҚ

Президент өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын.

— Жаңа нысан заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады. Орталықта 7 инвестор жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Бюджетке 355 млн теңге қосымша салық түседі, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Фото: ОКҚ

Қазіргі уақытта 8 өндірістік ғимараттар салынып, ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ғимараттар келер жылы іске қосылады.

Жалпы өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені, Отырар ауданында — 2 мақта өңдеу зауыты, Түлкібас ауданында — сусын шығаратын зауыт, Сайрам ауданында — заманауи ет комбинаты және Ордабасы ауданында — алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт бар.

Фото: ОКҚ

Бұған дейін Түркістан облысының әкімі импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатқанын айтқан еді.