Түркістандық фермерлер қауынның бүлінуін жасанды жаңбырдан көріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісай ауданында қауын өнімінің жаппай шіру себебі анықталып жатыр. Жергілікті диқандардың шағымынан кейін мамандар егістік алқаптарын тексеруге кірісті. Алынған сынамалар зертханалық сараптамаға жіберілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Kazinform

Фермерлердің айтуынша, мамыр айында толассыз жауған жаңбыр салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, қауынның едәуір бөлігі жарамсыз болып қалған. Кейбір шаруалар мұны өңірде жүзеге асырылып жатқан жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасымен байланыстырады.

Фото: Kazinform

Алайда Түркістан облысының әкімдігі бұл пікірмен келіспейді. Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, пилоттық жоба тек жекелеген аумақтарда қолданылады және табиғи түрде қалыптасқан бұлттардан жауын-шашын түсу ықтималдығын арттыруға бағытталған. Сондықтан оның ірі атмосфералық процестерге немесе бүкіл өңірдің ауа райына әсер ету мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ жоба аясындағы жұмыстар қауын өнімінің бүлінуі тіркелген аумақтарда жүргізілмеген.

— Жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жұмыстары тек Отырар ауданының солтүстік-батыс бөлігінде және Созақ ауданының орталық әрі солтүстік бөлігінде жүргізілді. Бұл жұмыс Төтенше жағдайлар басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және «Қазгидромет» ұйымымен бірлесіп берілген өтінімдер негізінде жүзеге асырылды. Аумақтарды таңдау кезінде ауыл шаруашылығы жерлерінің қосымша ылғалға деген қажеттілігі, нақты метеорологиялық жағдай және ауа райы болжамдары ескерілді. Жұмыс жүргізілген аумақтарда тек жекелеген жерлерде шамалы және орташа деңгейдегі жаңбыр тіркелді. Сонымен қатар бұл технология бұлтты қолдан жасауға мүмкіндік бермейді. Жұмыс тек табиғи бұлттар болған жағдайда ғана жүзеге асады, — деді облыс әкімдігінің өкілдері.

Мамандардың айтуынша, технологияның жұмыс істеу қағидаты мынадай: арнайы ұшақ бұлттардың қалыптасу аймағына көтеріліп, табиғи тұздар негізінде дайындалған заттарды шашады. Бұл бөлшектер су тамшыларының бірігуін жеделдетіп, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады. Мұндай реагенттер әлемнің көптеген елінде қолданылады және қоршаған ортаға, адам мен жануарлар денсаулығына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарына зиянсыз деп саналады.

Фото: Kazinform

Мамыр айының соңында Түркістан облысының түрлі аудандарындағы ұзаққа созылған жауын-шашынды аталған жобамен байланыстыруға негіз жоқ. Жаңбырдың жаууы ең алдымен табиғи метеорологиялық үдерістер мен жалпы синоптикалық жағдайға байланысты болды. Мұндай құбылыс тек Түркістан облысында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де тіркелді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарындағы аурулардың таралуын жобаға қатыстыру туралы ақпараттың өзі бұлттарға әсер ету жұмысы жүргізілмеген аумақтардан тарап отырғанын атап өтеміз, — деді әкімдік өкілдері.

Қазіргі уақытта жауапты мекемелер Жетісай ауданындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Биыл ауданда бақша дақылдары 4 мың гектардан астам жерге егілген.

— 2026 жылы Ж. Ералиев ауылдық округінде бақша дақылдары жалпы 4 088 гектар алқапқа егілді. Оның едәуір бөлігі қауын алқаптары. Соңғы уақытта шаруалардан қауындардың шіруіне қатысты өтініштер түсті. Осыған байланысты жағдайды жан-жақты зерттеу үшін салалық мамандар тартылып, сынамалар зертханалық талдауға жіберілді, — деп хабарлады Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.

Зертханалық қорытынды дайын болғанға дейін мамандар бірнеше ықтимал себепті қарастырып отыр. Олар:

· климаттық нормадан көп жауын-шашынның түсуі;

· ауа ылғалдылығының жоғары болуы;

· өсімдіктердің физиологиялық жағдайына кері әсер етіп, саңырауқұлақ және бактериялық аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызатын температураның күрт ауытқуы;

· өсімдіктерді қорғау құралдары мен басқа да агрохимиялық препараттардың шамадан тыс қолданылуы.

Фото: Kazinform

Өсімдіктердің нақты қандай ауруға шалдыққанын анықтау және ресми фитосанитарлық қорытынды беру — уәкілетті мемлекеттік органның құзырындағы мәселе. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, бақша алқаптарын тексеру жұмыстарын жалғастырып, шаруаларға қажетті кеңес айтып келеді, — деп толықтырды басқарма өкілдері.

Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің бүлінуіне нақты не себеп болғанын анықтауға және алдағы шараларды белгілеуге мүмкіндік бермек.

Бұған дейін биыл фермерлерге 750 млрд теңге бөлінетіні жөнінде материал жаздық.