Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2019 жылы 15 пайызды құрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі бойынша тұжырымдамасының бір бағыты – тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді жетілдіру, сондай-ақ өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) қағидатын енгізу болып отыр. «AWOK» өңдеушілер, утилизаторлар, қоқыс шығарушы ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Аяйбергенов осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне ӨКЖ қағидатын енгізудің маңыздылығы туралы түсіндіріп берді.

«Қаптама үшін ақы осы жылдың қаңтар айында енгізілді. 2017 жылдан бастап-ақ ӨКЖ операторы қаптамалар (атап айтқанда пластмасс, жоғары және төменгші қысымдағы полиэтилен, полиэтилентерефталат, полипропилен, қағаз және картонды, шыны) қалдықтарын жинау, тасымалдау және утилизациялау бойынша субсидияға қаражат бөліп келеді. Тиісінше өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің арқасында импортшылар ақысын төлесе қайта өңдеу деңгейі де өсе бермек. 2019 жылдың статистикалық қорытындысына сүйенсек тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 15 пайызды көрсеткен. Аталған көрсеткіш өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігінің артуымен байланысты екенін айқын байқаймыз», - дейді Азамат Аяйбергенов.

Оның айтуына қарағанда қағаз, шыны өндіру, полимерлі өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындар өз өндірісінде қалдықтардың 30 пайызын пайдалана алады. Олар осылайша утилизациялық төлемнен босатылып, ӨКЖ операторынан шағын субсидия алады. Яғни олар нарықтың өзге ойыншыларынан қарағанда бәсекеге қабілетті бола түседі.

«Мәселен жергілікті сыра немесе шарап шығаратын компанияға Қазақстан аумағында шығарылған шыны бөтелке сатып алу тиімді болмақ. Осының бәрі біріге келе қайта өңдеу саласын өркендетеді. Қазіргі таңда 70 мың тоннаға тарта макулатура артық қалып, оның әлеуеті көміліп қоймада жатыр. Бұл дегеніңіз инфрақұрылымның дамып, екінші деңгейлі материалдардың пайдасы артып келе жатқанын көрсетеді», - деді «AWOK» қауымдастығының басқарушы директоры.

Азамат Аяйбергенов қазірдің өзінде қалдықтарды бөлек жинау тәртібі жолға қойылып келе жатқанын жеткізді.

«Елордадағы әрбір аулада қоқысты бөлек жинайтын сары контейнерлер бар. Сонымен қатар ӨКЖ операторы халық ішінде де насихат жұмыстарын күшейтіп жатыр. Ары қарай утилизациялық төлемнен түскен қаражатты ӨКЖ операторы басқа қалалардағы инфрақұрылымның дамуына жұмсайды», - деп түйді Азамат Аяйбергенов.