- Диляра Махмудқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілетін отбасылар қандай негізде есепке алынады, алдымен соған жауап берсеңіз?
- Учаскелік полиция инспекторлары өздеріне қарасты аумақта құқық бұзушылыққа жол берген адамды анықтап, есепке алады. Яғни отбасы емес, тек құқық бұзушы есепке алынады. Инспектор бақылау орнатып, қорғау нұсқамасы берілген адамдармен жеке жұмыс жүргізеді. Құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде сот шешімі шықса, соның орындалуын қадағалайды.
- Инспекторлар тек дене зардабы келтірілетін отбасыларды ғана бақылай ма?
- 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңы 4-бабына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төрт түрі бар деп есептеледі. Яғни дене зардабын келтіру, психикалық, сексуалдық және экономикалық қысым көрсету түрінде жасалуы ықтимал. Зардап шегушімен жұмыс кезінде осының бәрі ескеріледі.
- Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында қанша қорғау нұсқамасы берілді?
- Биылғы сегіз айда 1 895 қорғау нұсқамасы берілсе, соның ішінде 42-сі бойынша нұсқаманы бұзу дерегі тіркелді.
- Қорғау нұсқамасын бұзған адамдарға қатысты қандай шара қолданылады?
- ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 461-бабына сәйкес мұндай қадамға барғандар 10 тәулікке қамаққа алынады. Әкімшілік хаттаманы сот қарап, тиісті шешім шығарады. Қорғау нұсқамасы бұзылса, құқық бұзушы дереу жауапқа тартылады. Нақты айтқанда, отбасы мүшелеріне қатысты зомбылыққа барған 42 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
- Мұндай деректер қорғау нұсқамасының тиімділігіне күдік тудырмай ма?
- Бұл жерде мынаны айтайын, учаскелік полиция инспекторы қорғау нұсқамасының бұзылғаны жөнінде ең алдымен арыз берушіден ақпарат алады. Сондықтан өзіне күш көрсетілсе, сол адам дереу полиция қызметкерін хабардар етуі қажет.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ҚК және Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгертулер енгізілгені мәлім. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
- Иә, еліміздегі жағдайға талдау жасап, халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамаға өзгертулер енгізілді. Әдетте зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға шағым түсіреді де, кейін арыз жазудан бас тартып жатады. Тек өткен жылы облыс аумағында 3 мыңнан астам осындай дерек тіркелді. Полиция қызметкері кеткеннен кейін отбасында жанжал жалғасып, кейде оның соңы ауыр зардаптарға соқтырады.
Заңға енгізілген түзетулер зардап шегушінің арызынсыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік берді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау мен бейнетіркеушінің жазбалары болса, жеткілікті, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Екіншіден, тараптарға қайталама татуласу мүмкіндігі берілмейді. Енді сотта отбасы мүшелері бір рет қана татуласа алады, бұл зардап шегушіге психологиялық қысым көрсетуге тосқауыл қояды.
Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Әкімшілік қамақтың нақты мерзімдері белгіленді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына өзгерістер енгізілді. Қылмыстық кодекске өзгерістер биылғы 19 мамырдан, ал Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне 1 шілдеден бастап күшіне енді.
- Одан бері көп уақыт өткен жоқ қой, дегенмен отбасылық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында оң өзгеріс байқала ма?
- Облыс аумағында мұндай деректер күн сайын тіркеліп жатады, бірақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мұның аз-мұз төмендегені байқалады. Биылғы 1 шілдеден бастап 25 азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 438-бабына (арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) сәйкес жауапқа тартылды.
- Осы бағытта полиция үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыстана ма?
- Әрине, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, қоғамдағы қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін қандай қарым-қатынастың да маңызы зор. Осы орайда полиция департаментінің қызметкерлері «Жайық таңы», «Гауһар жол», «Мейірім», «Әйелдерді қолдау өңірлік орталығы», «Аналар үйі», «Ақ отау», Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері сынды қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс жасайды.
Мысалы, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірлесе отырып, акушер-гинеколог мамандармен бірге облыс орталығында жатақханада тұратын студенттерге дәріс оқылады. Онда ерте жүктіліктің алдын алу, жайлы отбасын құру, әйелдер мен балаларға қатысты күш көрсетуге жол бермеу мәселесі талқыланады.
«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі тәртіп сақшыларымен бірге отбасылық мәселелер бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырады. Қиын жағдайда қалған отбасыларына психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.
Ақсақалдар мен аналар кеңестерінің отырысында қолайсыз отбасы ретінде есепте тұратындар жайы талқыға түседі. Айта кетейін, биылғы 7 айда 165 қолайсыз отбасы ішкі істер органдарында есепке алынып, олардың әрқайсысымен алдын алу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.
- Отбасындағы жанжалдан кейін көптеген әйелдер дағдарыс орталығынан орын тауып жатады. Орталықта тұру мерзімі біткеннен кейін олардың бірқатары барар жері, басар тауы жоқ болған соң, күйеуіне оралуға мәжбүр. Осындай әйелдермен учаскелік инспекторлар байланыс ұстай ма?
- ҚР Ішкі істер министрлігінің 2021 жылғы 19 наурыздағы №164 бұйрығына сәйкес әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердегі штат саны қалыпқа келтірілді. Әр ауданда бір-бірден, Орал қаласында екі инспектор бар. Полиция департаментінде аға инспектор қызмет етеді, барлығы 15. Аталмыш топ қызметкерлері әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша полиция органдарының қызметін үйлестіру ісімен айналысады. Сондай-ақ зардап шеккен әйелдерді жеке қабылдайды.
Әрбір зорлық-зомбылық дерегі учаскелік сақшыдан әйелдерді қорғау жөніндегі инспекторға жеткізіледі. Содан кейін отбасыны дағдарыстан шығару жұмыстары жалғасады.
Қорыта айтқанда, әр отбасының тыныштығын сақтау ең алдымен сол отбасы мүшелеріне, бірінші кезекте ерлі-зайыптыларға байланысты. Отбасы қауіпсіз болса, қоғам қауіпсіз болады. Сондықтан әр шаңырақтың шайқалмауына септесу, түрлі жанжалдарды болдырмау үшін біз де бар күш-жігерімізді жұмсай бермекпіз.
- Соңғы сауал, сіз туысқан татар ұлтының өкілі болсаңыз да, қазақ тілінде таза сөйлейсіз, ән де шырқайсыз. Мемлекеттік тілді білгеніңіз қызметіңізде де «көмекке келетін» шығар?
- Өмірде түрлі жағдай орын алып жатады. Алдыңа келген адамның тілін тауып, сөйлесе білу де бір ғанибет. Сондықтан оның жанын түсіне білсең, кейде шынын да, сырын да айтады. Сайып келгенде, мемлекеттік тілді білу барша қазақстандықтар үшін қажет деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет, қызметіңіз табысты болсын!