Шұбаттың емдік қасиеті мол
«Жұбайым екеуіміз 2007 жылы шаңырақ көтердік. Түйе шаруашылығымен 2010 жылы айналыса бастағанбыз. Елге оралғанда әуелі қандай кәсіпті қолға аламыз деген ой болды. Сөйтсек, Зайсан ауданы тұрмақ, мұқым Шығыс Қазақстанда түйе өсіріп отырған ешкім жоқ екен. Көп созбай басқа өңірден түйе іздеуге көштік», - дейді 37 жастағы отағасы.
Осылайша, Алматы облысынан 10 түйе мен 8 бота алдыртқан. Істің бабын білетін отбасы шұбат өндіріп, ауылдастарға ұсынды.
«Шығыс шұрты шұбаттың дәмін татып та көрмепті. Басында дұрыс өтпеді. Бірақ уақыт өте келе халық үйрене бастады. 1 жылдың ішінде тұрақты түрде тапсырыс беретіндер пайда болды. Жаз шыққанда Зайсан қаласы мен Айнабұлақ ауылының арасындағы тасжолға шығып сатамыз», - дейді Аймен Айдархан.
Шұбаттың бір литрінің бағасы – 1200 теңге. Қыста 300 теңгеге қымбаттайды.
«Жолда келе жатып шөлдеген жүргізушілер кеселеп ішіп жатады. Бір кесесінің құны – 250 теңге. Той жасағанда, ас бергенде шұбатты молынан алатындар да кездеседі. Қандай да бір сырқатқа ұшыраған, иммунитеті төмен, қаны аз адамдар үйімізге іздеп келіп, шұбат сұрайды. Себебі түйе сүтінің пайдасы мол. Ол қант диабеті, бүйрек, асқазан мен қатерлі ісік ауруларының емі. Дәруменге бай шұбатты тұрақты ішетіндер талай сырқаттың алдын алады», - дейді Манарбек Құрмет.
Оның айтуынша, шұбатты күніне екі рет, атап айтқанда таңертең аш қарынға және кешкі уақытта тамақтан кейін ішкен дұрыс. Шайға қосып ішуге де болады.
Жол бойында шұбатхана ашпақ
Қазіргі уақытта отбасы 23 түйе, 12 бота ұстап отыр. Жылына бірнешеуін соғымға сатады. 2 жасары 300 мың, 3 жасары 400 мың теңге шамасында бағаланады.
«Інгенді соймаймыз. Түйе екі жылда бір рет боталайды. Ботаны 12 ай көтереді. Содан соң 18 ай сауылады. Түйе еті серкенің дәміне ұқсайды. Майы көп болады. Бірақ жегенде тез қорытылады», - дейді 36 жастағы әйел.
Жиі жөтел мазалайтын жандар түйе өркешінің майын қайнатып, сорпа қылып ішеді екен. Аяғында кальций аз адамдар түйенің сүйегін алып қайнатады.
«Алдағы уақытта да түйе шаруашылығымен айналысып, мал басын арттыруды көздеп отырмыз. Жолдың бойынан жер алып, шұбатхана ашқымыз келеді. Қаладан азаматтар хабарласып, ауылда шұбат ішіп жатқылары келетіндігін жиі айтады. Сондықтан оларға да жатар орын ойластыру керек. Сайып келгенде, бұл да жер мәселесіне келіп тіреледі. Осы ретте, жергілікті әкімдіктен қолдау болса дейміз», - дейді Манарбек Құрмет.
Оның айтуынша, коронавирус өршіген тұста шұбат сұрайтындар күрт көбейген. Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған азаматтар азаннен келіп кезекке тұрыпты.
«Таңғы 6-дан бастап ұзын-сонар кезек қалыптасатын. Кейбіреулер сағаттап тосты. Ал біз ұйқы көрмей жұмыс істедік десек те болады. Негізі түйені күніне 3 рет сауамыз. Аты жаман дерт белең алған тұста бір тәулікте 5 рет саудық. Атап айтқанда, түнгі сағат 02.00-де, 06.00-де, 11.00-де, 15.00-де және 20.00-де. Алыстан ат терлетіп келгендерге 5 литрден беруге тырыстық. Шынын айтқанда, осы шұбаттың арқасында талай жан вирустан құлан-таза жазылып шықты. Үлкен кісілер баталарын беріп, алғыстарын айтып жатты. Араларында бойына мүлде ас дарымай, осы шұбатты бірнеше апта қорек қылғандар да аз емес», - дейді отағасы.
Бүгінде түйе сүтіне облыстың қала, аудан тұрғындары ғана емес, елорда мен Алматыдан хабарласып, тапсырыс беретіндер көбейіп келеді. Шұбатты мұздатып, автобус пен такси арқылы салып жібереді. Батыс жұртшылығы да «сіздер жақтікінің дәмі біздікінен өзгеше екен» деп сатып алып жатады.
Адал еңбекпен табыс тауып отырған ерлі-зайыптының 3 баласы бар. Екеуі қыз, біреуі ұл. Ботакөз, Тоғжан есімді қыздары 15 және 11 жаста. Ал кенжелері Ырыстан биыл 3-ке толды.