«Тяньчжоу-6» жүк кемесі Қытайдың орбиталық ғарыш станциясымен сәтті түйісті
09:15, 11 Мамыр 2023
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайлық «Тяньчжоу-6» жүк кемесі бүгін ҚХР «Тяньгун» орбиталық ғарыш станциясымен сәтті түйісті. Бұл туралы Қытайдың басқарылатын ғарышқа ұшу бағдарламалары басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түйісу Бейжің уақытымен таңғы 05:16-да болды. «Тяньчжоу-6» сәрсенбі күні Хайнань провинциясындағы Вэньчан ғарыш айлағынан 21:22-де «Чанчжэн-7» зымыран-тасығышының көмегімен ұшырылған болатын.
Жүк кемесі станцияға отын, азық-түлік, тәжірибе жасауға арналған материалдар мен басқа да керек-жарақты жеткізген.
«Тяньчжоу-6» жүк көтергіштігі – 7,4 тонна.
Ғарыш станциясы бортындағы «Шэньчжоу-15» экипаж мүшелері жақын арада жүкті көшіру және басқа да қажет жұмысты атқару үшін «Тяньчжоу-6» жүк кемесіне кіруі керек.
Қытайдың Т үлгісіндегі «Тяньгун» орбиталық ғарыш станциясы 2022 жылдың соңында қатарға қосылды.