«ҰБТ-да ұлттың ұпайы қашан түгенделеді?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 мамыр, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 2015 жылы 37,3 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов мәлімдеген. «Биыл бағдарламаны әрі қарай іске асыруға 37,3 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде 13,8 млрд. теңге бағдарламаның бірінші бағытын қаржыландыруға бөлінді. Соның аясында 520 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 нысанның құрылысы жалғасады. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы оларға 4 мыңдай адам орналастырылды. 3,3 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматқа шағын несие беруге 10 млрд.-тан астам теңге қарастырылған. Үшінші бағыт аясында, ағымдағы жылы 1 мыңнан астам адам кәсіби оқуға жіберіліп, жастар мен тұрғындардың мақсатты топтарына жататын азаматтар үшін 13 мыңнан кем емес жұмыс орны құрылды», - деді Дәулет Арғындықов. Мақала «Жұмыспен қамту саласындағы жетістіктер» деген тақырыппен берілген. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазының Елбасының «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» деп аталатын сөзіне қатысты пікірі «Біз бағындырар биіктер» деген тақырыппен берілген. «Елбасы белгілеген осы бес институттық реформаның қай-қайсысы да маңызды десек те, осылардың ішінде «Болашағы біртұтас ұлт» делінген саланың маңызы жасампаздыққа жол ашқан жас мемлекет үшін аса айрықша. Себебі, қоғамдағы қандай да болсын реформаны жүзеге асыратын жалпы әлеумет, тұтас мемлекет халқы. Осы орайдан келгенде, барлық экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалардың кез келгені сол халықтың бірігуін, әлеуметтің жұдырықтай жұмылуын қажет етеді. Егемендігіміздің алғашқы сәтінен бастап қоғамдық тұрақтылық пен келісімге басты назарын аударып келе жатқан Елбасы сол шақта: «Біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиясыз ешқандай міндеттерді шеше алмаймыз», деп осы ойын өз ұстанымында үнемі басшылыққа алып келеді. Оны өзінің Мәңгілік Ел стратегиясында да толықтырып, тұжырымдап жеткізді. Оны осы жолы: «Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар - азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел - тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады», деп тағы да осы мәселеге тоқталды», халық қалаулысы. *** «Жұрттың жыл бойындағы жанжалына «азық» болатын Ұлттық бірыңғай тесттің жыры тағы да басталғалы тұр. Бір қуаныштысы, бұл жолы Білім және ғылым министрлігінің басшылығы осы кезге дейін түрлі сындарға себеп болған кемшіліктер мен кедергілерді түгел сараптап, тиімсіз тұстарынан арылдық деп сендіріп отыр. Соған сәйкес ҰБТ тапсыруға тағы да бірқатар өзгерістер енгізіліпті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «ҰБТ-да ұлттың ұпайы қашан түгенделеді?» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланымда Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіповтің тестілеудегі басты өзгешеліктерді айтып бергені кеңінен баяндалған. Сонымен бірге мақала авторы жыл сайын қазақ сыныбына барушылардың қатары еселеп артып келе жатқаны, мұны Нүсіпов мырзаның өзі де ағымдағы жылы мектеп бітірушілердің ортасында мемлекеттік тілде білім алатындардың екі есеге көбейгендігін айтқаны жазылған. «Осы тұста Білім және ғылым министрлігінің өзі көңіл бөлмейтін бір әділетсіздіктің төбесі шығады: мемлекеттік грант бітірушілердің тілдік үлес көлеміне қарай емес, көпке түсініксіз әлдебір қағидалармен бөлінеді. Соның салдарынан қазақ тобындағы 1 гранттық орынға 8-10 бала таласса, орыс тобында 3 ары кетсе 5 үміткерден аспайды. Соңғысында бәсекелестіктің аз болатындығын білетін бітірушілердің біразы грантқа іліну үшін, амал жоқ ҰБТ-ны орыс тілінде тапсыруға мәжбүр. Елбасының өзі бастап мемлекеттік тілді мектептен үйретуге шақырып жатқанда министрліктің мұндай түсініксіз керітартпа әрекеті қайта оған тұсау салмай ма!», - деп жазады басылым. Қасиетті қазақ жерінің әлеуеті дүниежүзінің көптеген елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабілетті. Алайда оның құнарын қорғау шаралары қолға алынбаса, келешекте қалпымен шөлге айналып, тіпті саны қарқынды өсе бастаған Қазақстан халқын да асырауға қауқарсыз халге жетуі ғажап емес. «Айқын» газетінің жазуынша, кеше Сенатта дәл осы жер тағдырына қатысты келелі жиын өтіп, онда Жоғарғы палата депутаттары Үкімет мүшелерімен бірге алқа құрып, ақыл қосып, келер ұрпақтарға Ұлы даланың орнына құмды дауыл кезген шөл даланы қалдырмаудың жайын жан-жақты қарапты. Басылымның жазуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда топырақ құнарының қарқынды төмендеуі жүріп жатқандығын айтып, дабыл қақты. Бір ғана дерек: осыдан 25 жыл бұрын қазақ жерінің гумус құрамы жоғары егістік жерлерінің көлемі 1,6 миллион гектарды құраса, қазір ол небары 255,5 мың гектар ғана! «Ауыл шаруашылығы министрлігі жерлерді ұтымды пайдаланудың жаңа Ережелерін жасады. Ол бойынша жаңадан «егістік айналымын сақтау», «жайылымдарға оңтайлы жүктемені қамтамасыз ету», «топырақтың агрохимиялық құрамын қолдау», «фитосанитариялық іс-шараларды орындау», «өндірістік көрсеткіштерді сақтау» бойынша да талаптар қосылды. Егер жерден айырылып қалмаймын десе, аграршылар осылардың барлығын бұлжытпай іске асыруға міндетті», - деп жазады басылым «Жерді пайдаланукдың жаңа ережесі жасалады» деген тақырыптағы мақаласында.