Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жұмыссыздықтың алдын алуға септігін тигізеді

АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыс қарқыны сәл-пәл саябырсыды делінгенімен, әлем бойынша жұмыссыздық мәселесі әлі де күн тәртібінің ең өзекті мәселесі болып қала береді. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша ағымдағы жыл соңына таман әлемде жұмыссыздық деңгейі 7,5-8 пайызға дейін өсетіні болжанады. Егер 2008 жылы әлемде жұмыссыздар 190 миллион болса, қазіргі кезде олардың саны 240-250 миллионды құраған.

Бұл көрсеткіш осындай деректерді жинай бастаған 1991 жылдан бергі ең жоғары деңгей екен. Көктемгі уақытта Халықаралық еңбек ұйымы дағдарыстың 2009 жылы 39-59 миллион адамды жұмыссыз қалдыратынын болжаған еді, қазір ондай болжам 50 миллион адамға дейін көтерілді. Жағдай кері кете берсе, жыл сайын еңбек рыногын 45 миллион адам жұмыссыз ретінде толықтыратын көрінеді. Ал 2009 жылдан 2015 жыл аралығындағы кезеңде оларды жұмысқа орналастыру үшін әлемде 300 млн. жаңа жұмыс орындарын құру қажет етіледі. Бұны жүзеге асыру барынша күрделі шара болмақ.

       Халықаралық сарапшылар алдағы 2010 -2011 жылдары да әлем елдері бойынша жұмыссыздық санының артуын болжайды. Атап айтқанда, қарашаның басындағы Үлкен жиырмалық (G20) тобының қабылдаған қорытынды коммюникесінде «экономикалық және қаржылық орнықтылықтың қалпына келуі ынталандыру шараларына  байланысты, ал жұмыссыздық бұл бағыттағы негізгі проблемалардың бірі болып қала береді», деп көрсетеді. Мінеки, дағдарыстың шегі көрінді дегенімен, әлемдік экономиканың теңгерімділігіне бағытталған шаралар атқарылғанымен, еңбек нарығындағы жағымсыз тенденция жалғаса беретін тәрізді. Сондықтан да еңбек нарығын қалыпты сақтап тұру үшін бірқатар мемлекетте бұрынғыдан белсенді шаралар қолға алына бастады. Бұндай белсенділікті бүкіл өңірде жандандыра түспесе, бүкіл әлемге еңбекпен қамтудың адам айтқысыз салдарымен бетпе-бет соқтығысу қаупі де аңғарылады.

Дүниежүзілік банк басшысы Роберт Зеллик Ыстамбұлда Халықаралық валюталық қор мен ДБ-тың жыл сайынғы сессиясын аша отырып, 2009 жылдың соңына таман әлем бойынша жұмыссыздар қатарын тағы да 59 миллион адам толтыруы мүмкін деген болжамын жариялады. «Өкінішке қарай, біз әлемді дағдарыстан құтқара алмай келеміз. Болашақ туралы айтсақ, онда тек бұрынғы жолдан бөлек, жаңа қадамдар туралы әңгіме өрбітуге болады. Дағдарыстың ұзақ мерзімді салдары шикізат бағасына, әсіресе соңғы уақытта көп табыс әкелген мұнай бағасына тәуелді. Дегенмен, ресурсқа бай елдер табысты байқап жұмсағаны абзал, әмбебап экономикалық даму жолын қарастырып, экономиканы әртараптандыруға күш салулары тиіс. Біздің болжамдарымыз бойынша әлемдік дағдарыс салдарынан күнкөрісі өте төмен, кедей адамдардың саны бұрынғының үстіне 90 миллионға дейін артады», деді. Р. Зеллик.

Ал Еуроодақтың экономика жөніндегі Еурокомиссары Хоаким Альмуния батыс ақпарат құралдарына берген сұхбатында қазіргі Еуропаның белгілі бір деңгейде дағдарысты еңсере бастағанын айта келе, соның өзінде алдағы екі жылда Еуроодақ экономикасының болжамында «белгісіздік» күйлерінің басым болатындығына назар аудартады. «2010 жылы тұтыну сұранысы тағы да әлсіреуі, ал өндірушілер мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі салдарынан аса қатты қиындықтарға ұшырауы да ғажап емес. Сондықтан да, сарапшылар еуро аумағында экономиканың толық аяқтан тұрып кетуі үшін өндірісшілерге демеу болатын, көмек беретін бағдарламаларды жалғастыру қажеттігін ескертеді. Сонымен бірге, 2010 жылы еуроөңірде инфляцияның жоғары өсімі күтілмейді, мәселен келесі жылы инфляция дәлізі  1 пайыз төңірегінде болжанса, 2011 жылы 1,5  пайыздық дәлізде болатыны күтіледі. Бірақ, осыған қарамастан экономиканың қалпына келуін 2009-2010 жылдардағы еңбек нарығындағы жағымсыз жағдай тежеуі мүмкін», деді еурокомиссар.  Расында, келтірілген көрсеткіштерге қарағанда, алдағы жылы Еуроодақтың экономикасына төнетін ең үлкен қауіпті осы жұмыссыздықтан күтуге болады. Мәселен, Еуропада 2009 жылдың аяғына таман жұмыссыздық деңгейі 10,25 пайызға жетеді деп болжанған.

Әлем елдері секілді Қазақстан үшін де жұмыссыздық мәселесі Үкіметтің ағымдағы жылы жіті қадағалауында болған басым саланың бірі болды. Ресми деректерге сүйенсек, республикадағы жұмыссыздық деңгейі  қазір 6,5 пайызды құрайды екен. Ал ағымдағы жылдың мамыр айында елдегі жұмыссыздар саны 7,2 пайыздық деңгейде болатын. Яғни, қазіргі күні Қазақстандағы еңбек нарығы қалыпты деңгейде тұр. Бұған басты себеп Елбасының  тапсырмасы бойынша еңбекпен қамту стратегиясының іске қосылуы, соның нәтижесі десе де болады. Стратегия шеңберінде, жұмыссыздыққа қарсы тетіктер тиімділігін көрсетті.

      Атап айтқанда, біріншіден - жұмыссыздықтың белең алмауына қазақстандық қамтымды жүзеге асыру да үлкен сеп болды. Мәселен, елімізге жыл сайын шетелден жұмыс күші келіп, соған арнайы квота бөлінетін болса, ағымдағы жылы бұл квота қазақстандық қамтуға байланысты қысқартылған. Шетелдік мамандардың орнын отандық кәсіп иелері басты. Өткен жылдары жылына шамамен 120 мың шетелдік жұмыс күшін тартсақ, ағымдағы жылы квота бойынша 60 мыңға жуық адамды қабылдауға рұқсат етіліпті. Бірақ, елімізде іс жүзінде бар-жоғы 30 мың шетелдік жұмысшылар мен мамандар істейді екен. Екіншіден, «Жол картасы» бүткіл республика өңірлеріндегі жұмыссыздықтың екпінін қайтарды. Бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналаспағандарды айтпағанның өзінде, 6 мыңнан астам адам білімін жетілдірген, ендігі дайын мамандар болып отыр. Өңірлерде осы бағдарлама есебінен жұмысқа тартылғандар саны да айтарлықтай артты. Ендігі мақсат алдағы уақытта да жұмысыздықпен күрестің тиімді тетігін жетілдіре түсу болып табылады. Осыған орай, Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді шараларды атқаруды қолға алып отыр.

    Мәселен, «Жол картасы» секілді игі бастама 2010 жылы да жалғасатын болады. Бұл туралы Елбасы тікелей желіде өткен сұхбаты барысында атап өткен болатын. Сонымен бірге, Президент бұл бағдарламаның негізгі ауанын өзгертіп, оны жергілікті жердің өндірісін дамытуға да бұру қажеттігін алдыға тартқан болатын. Яғни, «Жол картасы» аясында алдағы күндері өңірлерде өндірістер ашылып, тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары қамтылады деген сөз.

      Екіншіден, Қазақстан дағдарысқа қарсы бағдарламаларымен қатар, осы күйзеліс салдарын еңсеруге де баса мән беріп келеді. Бұның бір көрсеткіші үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүргізу болып табылады. Ел аумағы бойынша «индустрияландыру картасында» барлық дерлік өңірлерде көптеген жаңа жобалар қолға алына бастайды. Осының өзі үлкен жұмыс күшін ғана емес, жоғары білікті мамандарды да қажет етеді.

      Басқа мемлекеттермен салыстырғанда дағдарысты еңсерудің қазақстандық жолы, яғни үдемелі өнеркәсіптік даму, ірі халықаралық қаржы құралдарын қатыстыра отырып, көліктік-транзиттік инфрақұрылымды арттыру шаралары дамудың орнықтылығын айқындап қана қоймайды, кең ауқымда жұмыспен қамту мәселесін де орынды шешеді. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар соның айғағы.