Бұл туралы конференция барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева мәлім етті.
Азаматтық қоғамды дамытудың қазіргі қолданыстағы Тұжырымдамасы 2005-ші жылы ІІ-ші Азаматтық форум барысында қабылданып, ол 2011 жылға дейінгі мерзімге бағдарланды.
А.Соловьеваның айтуынша, Тұжырымдама үш бағытты қамтыды: азаматтық қоғамның қалыптасуы, билікпен байланыс және ҮЕҰ-ның сандық және сапалық дамуы.
«Бұл басымдықтарға толықтай қол жеткіздік деп айтуға болады. Ендігі мақсат-міндетіміз сапалық құрамдастарды дамыту. Себебі біз, қарапайым халықтың проблемаларын үкіметке түсінікті әрі нәтижелі болатындай етіп жеткізетін қоғамның ең белсенді бөлшегіміз», - дейді ол.
Үш күн бойы 200-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар 2012-2015 жылдарға бағдарланбақ Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына енгізілуі тиіс мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын білдіретін болады. Жаңа тұжырымдаманың мақсаты Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың жұмысын жаңа халықаралық деңгейге көтеруге негізделуі тиіс. Соңғы 10 жылда республикада ҮЕҰ-лар қарқынды дамып, экономиканың барлық саласын қамтыды. Оларды енді қоғаммен тығыз ықпаладаса отырып жұмыс істеуге бағыттау үшін, ҮЕҰ-ларды ауыл, қала, облыс деңгейіндегі әлеуметтік нысандарда мысалға, мектептерде ашу ұсынылмақ.
«Сонымен бірге», - дейді Тұжырымдама жобасын әзірлеуші жұмыс тобының мүшесі, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Андрей Емелин: «Құжатқа әр ҮЕҰ-ның тұрақты қатысушысы мен қолдаушысы болатындай «мүшелік» мәселесін енгізу керек. Сондай-ақ, қазір Қазақстанда «еріктілер» мәдениеті қалыптасып, дамып келеді. Бірақ оның бұқаралық маңызы әлі де аз. Бұл, жастарға қайырымдылық және басқа да шараларға қоғамдық бастамаларда қатысып, өз-өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін жақсы үрдіс. Келесі, мәселе - филантропияда. Бізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жақсы дамыған. Бизнес әлеуметтік жобаларды қолдауға дайын, бірақ оларды сеніп тапсыратын ұйымдар жоқ. Әлемде бұл мәселелермен қоғамдық ұйымдар айналысады. Мұнда барынша ашық жұмыс істей алу маңызды. Сондықтан ҮЕҰ-лар өз-өздерін жетілдіру керек. Себебі, бұл да нарық, бизнеспен, билікпен байланыс», - дейді ол.
А.Емелин атап көрсеткендей, Қазақстанда ҮЕҰ-лардың жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін, сондай-ақ ҮЕҰ-лардың бағыттары бойынша желілерді дамыту қажет. Мысалға, еріктілер, әйелдер, балалар мәселесімен болмаса, қоғамдық мониторингпен айналысатын ұйымдарды іріктеп, бір арнаға біріктіру. Сонымен бірге, бірыңғай интернет ресурсты құрып, онда барлық үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстарының есебін орналастыру, пікірлермен және ақпараттармен алмасу.