Үгіт науқаны басталған соң партиялардың электоралды рейтингісі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық интеграция институты 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында Құрылтай сайлауы алдында қазақстандықтардың сайлау қалауы мен саяси мінез-құлқын зерттеу мақсатында Қазақстанның 17 облысында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жаппай сауалнама, яғни face-to-face әдісімен екінші әлеуметтанулық зерттеу жүргізді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Барлық өңір бойынша сауалнамаға 4 мың респондент қатысты.

Зерттеу аясында саяси партиялардың қазіргі рейтингісіне және сайлаушылардың ықтимал белсенділігіне қатысты қоғамдық пікірді зерделеу жалғасты.

Сонымен қатар бұған дейін 3-13 шілде аралығында жүргізіліп, қорытындысы 15 шілдеде жарияланған сауалнамадан бергі өзгерістерге талдау жасалды.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, «Әділет» партиясы әлі де көш бастап тұр. Оның электоралды рейтингісі 65,1%-ға дейін өсті.

Екінші орында «Ауыл» партиясы тұр. Оны респонденттердің 5,9%-ы қолдауға дайын екенін білдірген.

Басқа партиялардың рейтингінде де өзгерістер байқалған.

«Ақ жол» партиясы 4,7% көрсеткішпен үшінші орынға көтеріліп, тікелей бәсекелесі «Respublica» партиясын аз ғана айырмашылықпен басып озды. «Respublica» партиясының рейтингісі 4,6%-ды құрады.

Осыған ұқсас өзгеріс Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына да қатысты. Оның рейтингісі 4,2%-ға жетіп, сайлау додасының қазіргі кезеңінде Қазақстан Халық партиясын аз ғана айырмашылықпен басып озды. Қазақстан Халық партиясының көрсеткіші 4,1%-ды құрады.

Барлық партия өз позициясын белгілі бір дәрежеде нығайтып, сайлаушылардың қолдауына ие болып жатқанда, «Байтақ» жасылдар партиясының рейтингісі керісінше 0,5%-ға дейін төмендеген.

Сонымен қатар «Барлығына қарсы» дауыс беруге ниеттілердің саны 2,5%-ға дейін азайды.

Әлі таңдау жасауға дайын емес респонденттердің үлесі де біртіндеп төмендеп келеді. Бұл көрсеткіш 14,2%-дан 8,4%-ға дейін қысқарған.

– Жаңа әлеуметтанулық деректер партия рейтингтерінің белгілі бір деңгейде өскенін көрсетеді. Бұл ресми науқан басталғалы олардың қоғамдық белсенділігінің артуымен байланысты болуы мүмкін. Сауалнама 16-26 шілде аралығында жүргізілді, – делінген институт мәліметінде.

Азаматтардың сайлауға қатысуының ықтимал белсенділігі де артып келеді.

Құрылтай сайлауына қатысу-қатыспауы туралы нақты сұраққа респонденттердің 73,2%-ы дауыс беруге қатысатынын растаған. Олар 23 тамызда сайлау учаскесіне баруға дайын екенін мәлімдеді.

Сауалнамаға қатысушылардың 13,2%-ы дауыс беру құқығын пайдалануға ниетті емес екенін білдірген. Тағы 13,6%-ы күмәнданып, бұл сұраққа нақты жауап бере алмаған.

Жалпы алғанда, қазақстандықтардың электоралды процеске қатысу белсенділігі артып келеді. Институт мұны ақпараттық кеңістікте Құрылтай сайлауы тақырыбының басымдыққа ие болуымен байланыстырады.

Респонденттер Құрылтай сайлауында дауыс беруге итермелейтін басты себеп ретінде азаматтық борыш сезімін жиі атаған. Бұл пікірді сауалнамаға қатысқандардың 54,2%-ы білдірді.

Сонымен бірге респонденттердің 45,8%-ы сайлау кандидаттар арасында дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді деп санайды. Олардың пікірінше, азаматтар өз мүддесін толыққанды қорғайтын партияларды таңдауы қажет.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс.

Олардың жалпы үлесі 64,3%-ды құрады. Оның ішінде 19,3%-ы партия бағдарламаларын үнемі қарап отыратынын айтқан. Ал 45%-ы бағдарламалардың мазмұнымен өзі тұтынатын ақпараттық кеңістікте жарияланған кезде танысатынын жеткізген.

– Партиялардың сайлаудағы жеңісі көбінесе олардың үгіт-насихат жұмысының тиімділігіне және сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орната алуына байланысты деп тұжырымдауға болады, – деп атап өтті Еуразиялық интеграция институты.

Зерттеу іріктемесі 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті пропорцияларына жақын параметрлер бойынша репрезентативті сипатқа ие.

Іріктеме облыс, тұрғылықты жері, яғни қала немесе ауыл, жынысы, жасы және этникалық тегі бойынша бөлінген.

Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректері пайдаланылған.

95% сенімділік ықтималдығы жағдайында іріктеменің статистикалық қателігі ±1,54%-дан аспайды.

Еуразиялық интеграция институты бұл деректерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасы негізінде жариялап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін саяси партиялар ашық әрі жария бәсекеге көше бастағаны хабарланды.